Ботакөз Сәрсенбаева: Командамыз толық әлеуетін көрсете алмады
Бөтакөз Сәрсенбаева "Алтай-2" командасының белді ойыншысы. Бүгінгі таңда өз ойын өрнегімен талайды тамсандырып жүрген волейболшымен Prosports.kz тілшісі сұхбаттасты.
- Ботакөз, ел біріншілігі мәресіне жетті. Плей-офф кезеңіне шығып, жүлдеге таластыңдар. Алайда үштікке іліне алмадыңдар. Командаға не жетіспеді деп ойлайсың?
- Қарсыластарымыз осал болған жоқ. оларға қарсы толық әлеуетімізді көрсете алмадық, көп нәрсе біз ойлағандай болмады. Сол үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын.
-Керісінше "Алтай-1" командасы төртінші мәрте қатарынан ел чемпионы болды. Сыры неде?
- Команданың бірлігі, жеңіске деген құштарлығы, чемпиондықты қорғап қалу мақсатында аянып қалмаулары оларға жеңіс әкелді деп есептеймін.
- Бір уақытта сен сол командада ойнадың, қазір екінші құрамында жүрсің. Ботакөзді "Алтай-1" сапынан қайта қашан көреміз?
- Басшылық қалай шешсе, солай болады. Әзірге менің екінші командаға көмегім тиіп жатыр деп ойлаймын.
- Cенің пікірінше Қазақстанның ең үздік волейболшысы кім?
- Сөссіз -Сана Анарқұлова. Оның командаға қосып жүрген үлесі зор. Нағыз лидер ойыншы.
-Ботакөздің ойынына тәнті болып жүрген ер азаматтар көп пе?
- Маған әлеуметтік желі арқылы жазатындарды ескерсек, баршылық. Кейбірі ойыныма жоғарғы баға береді, кейбірі ғашықтық сезімдерін білдіріп жатады. Бәріне тек алғыс айтамын.
- Қазақ ер азаматтарының бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсың?
-Интеллигенттік, тәрбие көрген, алға қойған мақсаты айқын, ер мінезді, әзілқой азаматтар ұнайды.
- Алға қойған мақсаттарың қандай?
-Әрине, үлкен жеңістерге жетуді көздеймін.
- Сауалдарға жауап бергенің үшін рахмет. Алаңда тек сәттілік тілеймін!