Футбол деген бір ғажап!
Футзал

Төрттік финал қатысушысы: «Интер Мовистар»

Төрттік финал қатысушысы: «Интер Мовистар»
news-banner7
mobile-news-top

2018/19 жылғы футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының Төрттік финалы Алматы қаласында өткелі жатыр. Алматыда қазақ футзалының мақтанышы «Қайраттан» бөлек, «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) командалары өнер көрсетеді, деп жазады Prosports.kz сайты.

Аталған төрт команда да Еуропа футзалының сорпа бетіне шығарлары. Кез келгені Алатау баурайында топ жаруы мүмкін. Десе де, бұлардың арасында бір командаға ерекше назар аударуға тура келеді. Ол турнирдің қазіргі сәттегі чемпионы — «Интер». Алматыдағы бәсекенің басты фаворит де осы команда.

Біз бүгін Мадрид автономиялық аймағында орналасқан Алькала-де-Энарес қаласының намысын қорғап жүрген «Интер» футзал клубы жайлы кеңінен әңгімелегелі отырмыз. Олар футзалдан УЕФА кубогының бес дүркін чемпионы (рекорд). Соңғы екі маусымда қарсылас шыдатпай жүрген испаниялықтар Алматыға үшінші жыл қатарынан чемпион атансақ деген ниетпен келері сөзсіз. Егер биыл тағы жеңіке жетсе, қатарынан үш мәрте чемпион атанған алғашқы команда ретінде тағы бір мәрте тарихқа енеді.

«Интер Мовистар» (Алькала-де-Энарес, Испания)

Клуб жетістіктері

Халықаралық

УЕФА кубогының жеңімпазы: 2003/04, 2005/06, 2008/09, 2016/17, 2017/2018

Еуропа чемпиондары турнирінің жеңімпазы: 1991

Кубок жеңімпаздары кубогының иегері: 2007-08

Интерконтиненталды кубогының жеңімпазы: 2005, 2006, 2007, 2008, 2011

Ұлттық

Испания чемпионы (22 мәрте – рекорд): 1979-80, 1980-81, 1981-82, 1983-84, 1984-85, 1985-86, 1986-87,1987-88, 1988-89, 1989-90, 1990-91, 1995-96, 2001-02, 2002-03, 2003-04, 2004-05, 2007-08, 2013-14, 2014-15, 2015-16, 2016-17, 2017-18

Испания кубогының жеңімпазы (13): 1984, 1986, 1988, 1990, 1996, 2001, 2004, 2005, 2007, 2009, 2014, 2016, 2017

Испания Суперкубогының жеңімпазы (11): 1990, 1991, 1996, 2001, 2002, 2003, 2005, 2007, 2008, 2011, 2015

«Интер» командасы 1977 жылы құрылды. Ол кезде «Ора XXV» деп аталды әрі Амансио (Реал Мадридтің аңызы, 1966 ж. Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Адельардо немесе Лопес Уфарте секілді ойыншылармен қайырымдылық кездесулер өткізді. Айта кетерлігі, бұлардың барлығы даңқты кәсіпқой футболшылар, бәрі Испания ұлттық құрамасында ойнаған.

Команда 1979 жылы алғаш рет шағын футбол чемпионатына қатысты. «Интервиу Ора XVV» деген атпен өнер көрсетіп жүрген команда кейінгі жылдары бірнеше лигалар мен кубоктарда топ жарды.

Түптеп келгенде, «Интер» Испания футзалының бастау көзі саналады. Клубтың сол кездегі басшылары шағын футболдан Испания чемпионатын ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрді.

1989 жылы, Испания чемпионатының алғашқы маусымында «Интер» ел чемпионаты мен кубокты қатар жеңіп алды.

Олар екі жылдан кейін футзалдан клубтар арасындағы Еуропа чемпионатында топ жарды (бүгінгі - футзалдан Чемпиондар Лигасы).

2002 жылдан 2005-ке дейін «Интер» ел чемпионатын қатарынан төрт мәрте жеңіп, ұлттық чемпионатты ең көп жеңген команда атанды. Бұған қоса, 2005 жылдан 2008-ге дейін төрт рет Интерконтиненталды кубогын жеңіп алып, футзалдан Еуропадағы барлық ресми турнирді жеңіп алған алғашқы команда ретінде тарихқа енді. 2006 жылы Испания үкіметі команданы спорттағы жетістігі үшін Корольдік орден алтын медалімен марапаттады.

Бұл команда тек бай тарихымен ғана емес, қазіргі таңда да әлемнің ең үздік клубы екендігімен мақтана алады. Баста айтқанымыздай, алдағы уақытта Алматыда өтетін турнирдің фавориті де осылар.

«Интер» 2013/2014 маусымынан бастап бес жыл қатарынан ел чемпионы атағын жеңіп алды. Бұған қоса, клуб УЕФА кубогын (қазіргі - Чемпиондар Лигасы) жеңіп алудан да рекорд орнатып отыр. Бұл турнирде бес мәрте топ жарған. УЕФА кубогында топ жару саны бойынша бұлардан кейін үш команда — «Плайас де Кастельон» (қазір екінші дивизионда), «Барселона» және«Кайрат» тұр. Бұлардың әрқайсысы екі реттен жеңіске жеткен.

Егер футболмен салыстырар болсақ, онда «Интерді» футзалдың «Реал Мадриді» деуге болады: бай тарих, жүлделердің көптігі, керемет инфрақұрылым және ұлы ойыншылар - бұлардың барлығы осы командадан табылады.

Құрамы:

«Интердің» керемет құрамы бар екені айтпаса да түсінікті. Онсыз олар Испания мен Еуропада осынша үстемдік құра алмас еді.

Бұл команданың ең басты ойыншысы сөзсіз Рикардинью. Португалиялық шебер өз мансабында Ресейде, сосын Жапонияда доп тепті. 2013 жылы «Интерге» ауысқан ол әлі де керемет өнерімен көзге түсіп жүр.

Футзалдан хабары бар кез келген адам Рикардиньюны таниды. Рикардиньюның алты рет әлемнің ең үздік ойыншысы (2010, 2014, 2015 және 2017) атанғаны бекер болмаса керек. Ол «Интерде» ғана емес, Португалия ұлттық құрамасында да көшбасшы ойыншы.

«Интер» тек Рикардиньюға ғана арқа сүйемейді. Бұл команданың кез келген ойыншысы әлемдік деңгейде. Капитан Карлос Ортис, қақпашы Хесус Эрреро, Гадейя, Солано — бұлардың барлығы теңдессіз ойыншылар. Бұл жайлы команда бапкері де мақтанышпен айтады.

Бас бапкер:

Хесус Веласко – футзал әлеміндегі тағы бір айтулы тұлға. Әлемдегі үздік бапкерлердің бірі.

Бұл маман өз елінде ғана емес, Италия чемпионатында да («Лупаренсте» төрт жыл жемісті жұмыс атқарған) бапкерлік істеп, үлкен тәжірибе жинаған. Түрлі тактикалық ерекшеліктерге бай, әртүрлі ойыншылармен жұмыс істеу қабілеті жоғары бапкер.

Веласко өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп алпауыт команда жасақтай алды. Оның табысты еңбек етуіне футзалдағы Испания мен италиялық ерекшеліктердің басын бір арнада тоғыстыра алуы себеп болды. Веласко бірнеше мәрте әлемнің үздік бапкері атанған маман.

«Интер» - командалық машина, заманауи футзалдың үздігі. Әлемдегі үздік ойыншылар мен бапкердің басы осында біріккен.

Испаниялықтар турнирдің фавориті екенін қайталап айтамыз. Алматы «Интердің» есінде жақсы естеліктермен қалған қала. Осыдан екі жыл бұрын Хесус Веласко шәкірттері «Спортингті» 7:0 есебімен жеңіп, финалдық матчта рекордтық көрсеткішті тіркеген.

Дегенмен, қазіргі таңда «Интер» Испания чемпионатында үздік маусымын өткізіп жатқан жоқ. Команда бар болғаны төртініш орында тұр. Алматыдағы Төрттік финалдың тағы бір қатысушысы «Барселонадан» алты ұпайға қалып келеді. Сондықтан оңтүстік астанамызда сенсация тіркелуі де ғажап емес.

Футзалдан Еуропаның клубтар арасындағы басты турнирінде кім жеңімпаз боларын біз сәуір айында біле аламыз.

Айта кетейік, биылғы төрттік финал Алматы қаласындағы «Алматы-Арена» көпфункциялы спорт кешенінде 26-28 сәуір аралығында өтеді. «Қайрат» 26 сәуірде «Барселонамен» кездеседі.

Жылдың басты футзал турниріне билеттерді zakazbiletov.kz, kassir.kz және ticketon.kz сайттарынан сатып алуға болады.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер