Күрес

Серікбаев: Болгарияда кіл мықтылар күресті

news-banner7
mobile-news-top

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, ұлттық құрама спортшыларының алдағы рейтингілік турнирлерге дайындығы туралы баяндады. Бас бапкердің сөзінше, балуандар алдындағы басты жарыс – Қытайдағы Азия біріншілігі мен Астанада өтетін әлем чемпионаты.

- Шымкентте өткен Спартакиададан соң жас балуандардың көзін аштық. Бапкер ретінде жас әрі талантты спортшылардың бой көрсеткеніне шын қуанам. Спартакиадада жеңімпаз атанған балуандар сәуір айында Қытайда өтетін Азия чемпионатында күреседі. Өйткені, елімізді жай адам чемпион болмайды. Оларды ірі жарыстарда, халықаралық сындарда шыңдау керек. Бүгінгі дайындығымыз сары құрлық біріншілігіне бағытталған, - дейді Серікбаев.

Құрама жетекшісі Болгарияда аяқталған «Дан Колов-Никола Петров» турнирін де қорытындылап өтті.

- Болгариядағы турнир кіл мықтылардың басын қосты. Өйткені, рейтингте ұпай беретін мұндай бәсекенің маңызы зор. Балуандар мұны жақсы түсінеді. Біздің Нұрислам Санаев 61 келіде күресіп, чемпион атанды. Негізі, ол 57 келіде белдесетін балуан. Салмақ қумай-ақ, ірі жарыстан алтынмен оралып отыр. Бұл сында топ жару оңай емес. 86 келідегі Азамат Дәулетбековтің қола жүлдеге күрескенін де жетістік деп санаймын. Ол екінші белдесуде басқа емес, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерін 10:0 есебімен таза ұтты. Жалпы, мұндай турнирлер балуандарды үнемі бабында ұстап, жарыс рухын жоғалтпау үшін аса қажет деп ойлаймын, - дейді бас бапкер.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы 10-27 наруыз аралығында Минскіде өтетін халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысады. Бұл Қытайдағы Азия чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңі болып саналады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер