Олимпиада чемпионы болған қыз енді еркектермен сынға түсуі мүмкін
Жеңіл атлетикада африкалық спортшы Кастер Семеняға қатысты жанжал туындады.
2009 жылы сол кездегі 18 жасар Кастер жасөспірімдер арасында Африка чемпионатын жеңіп алып, жеңіл атлетика әлеміне енген болатын. Сөйтіп, ол ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, мұнда да алтын медаль еншіледі. Бұл жарыс көп мәселелердің өзегіне айналды. Финалда оның қарсыластары Кастердің қасында жүгіру қорқынышты екенін айтқан. Себебі ол әйелге мүлде ұқсамайды.
Бұған Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы (IAAF) да көңіл бөлді. Түрлі сынақтар мен генетикалық сараптамалардан соң Кастердің, шынымен де, әйел екені расталды, бірақ оның организмінде ерлерге тән гормон деңгейі өте жоғары болып шықты.
Сол кезде IAAF мынадай ұсыныс жасаған: Семеня арнайы дәрілер ішіп, өзінің тестостеронының деңгейін азайтуы тиіс. Кастер бұл ұсынысты қабыл алып, арнайы дәрілер іше бастады. Нәтижесінде 2011 жылғы әлем чемпионаты мен 2012 жылғы Олимпиадада (былтыр Мария Савинованың допинг дауына байланысты алтын медальді Семеня иеленді) күміс медаль ғана алды. 2015 жылы CAS тестостеронды әдейі шектеу заңсыз екенін айтқан соң, Семеня терапияға баруды доғарған. Сөйтіп, 2016 жылғы Олимпиада мен 2017 жылғы әлем чемпионатын оңай жеңіп алды.
Бірақ мәселе мұнымен тоқтай қойған жоқ. IAAF-тің ендігі талабы мынадай: әйелдің тестостеронының деңгейі орнатылған максимумнан асып кетсе, ол не қажетті дәрілерді қабылдайды, не мансабын аяқтайды. Үшінші амалы – ерлер спортына ауысу.
Осы ереже үшін Каспер былтыр жазда IAAF-тің үстінен CAS-қа арыз жазып, оларды сотқа берген. Бұл мәселе бойынша сот отырысы келесі аптада болады. IAAF Каспер өзін еркек деп мойындағанын қалайды.
«Маған өзімнің кім (әйел немесе еркек) екенім маңызды емес. Ең алдымен, мен – Кастермін. Бірақ мен өзімді әйел ретінде сезінемін, әжетханаға да әйел ретінде барамын», - деді Семеня өз сұқбаттарының бірінде.