Футбол деген бір ғажап!

«Иртыштен» құтылдық, ендігі кезек «Тоболда»

«Иртыштен» құтылдық, ендігі кезек «Тоболда»
news-banner7
mobile-news-top

«Спорты дамыған алпауыт елге айналдық» деп мақтанып жүргенімізбен, дәл осы спорт саласы мемлекеттік тілге қырын қабақ танытып келеді. Спорттың қай түрін алсаңыз да мемлекеттік тілде іс жүргізуі мүлде нашар екенін байқайсыз. Футбол, баскетбол, волейбол, велоспорт қай-қайсысы да орыс тіліне басымдылық береді. Ал хоккей мен қысқы спортта қазақ тілі тіпті босағадан да сығалай алмайды.

Енді осылардың ішінде ең танымал спорт саналатын футболдағы мемлекеттік тілдің өгей күйін жазайық. Соңғы кездері қазақ тілді басылымдар футбол командаларының ресми сайттары мемлекеттік тілде жұмыс істемейтінін айтып дабыл қағуда. Кез-келген клубтың ресми сайтына, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына кірсеңіз қазақ тілінде ақпарат таппай дал боласыз. Осы жерде ел халқының ¾-ін қазақ ұлты құрайтынын және қазақ футболының тек қазақтарға ғана керек екенін айта кетейік. Ендеше, ел қаржысына күн көріп отырған осы клубтар кім үшін орыс тілінде ақпарат таратып отыр. Әлде біздің командалар Қазақстанның емес, Ресейдің намысын қорғай ма?!

Бұдан да өкініштісі, біздің елде кей клубтың эмблемасы әлі орыс тілінде. Мәселен, қостанайлық «Тобылдың» төсбелгісі «Тобол» деп жазылған. Оралдық «Ақжайық» командасын «Акжайык» ретінде танимыз. Ал Павлодардың «Екібастұз» командасы ресми түрде «Экибастуз» деп жазылып жүр. Дәл осы павлодарлық тағы бір клуб «Ертіс» күні кешеге дейін «Иртыш» атанып келді. Қайта клуб басшылары үлкен ерлік жасап 2019 жылдың табалдырығын «Ertis» атауымен аттады. «Иртышті» төте «Ертіске» ауыстыра алмаған соң тапқан амалдары ғой. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай. Қала, көше аттарын қазақшалауға мүлде қарсы солтүстік тұрғындарының кәрінен қорқып, құрттың атын малта қойып отыр клуб басшылары. Мейлі, бұған да шүкір…

Қазақ даласының шөлін қандырған үш өзеннің атын алған осы командалардың сол қасиетті атауларды бұрмалап жүргені өкінішті. Әйтпесе, Тобол деп айта алған адам Тобыл деп те айта алары сөзсіз. Айналып келгенде жергілікті халықты кемсіту үшін әдейі тілін бұза сөйлеу деп түсінбеске амалымыз жоқ. Шынын айтқанда, қостанайлық клубқа тарихтан бері бір оңған атау бұйырған емес. Ілгерінді-кейінді «Торпедо», «Автомобилист», «Энергетик», «Кустанаец», «Химик» аталған команда 1995 жылдан бастап жергілікті өзеннің атын алған. Өкініштісі, өздеріңіз байқағандай бұрмаланып, «Тобол» атанып отыр.

âÑобол Ñкâçå¾çæç´¢ç»æ

Біздің ойымызша, клуб атауын және эмбемадағы «футбольный клуб Тобол» деген сөзді өзгертуді талап ететін уақыт келді. Осы мақсатта Қостанай жұрты және жергілікті жанкүйерлер белсенділік танытса деген тілегіміз бар. Әрине Оралдың «Акжайык» командасынан да осыны талап етеміз. Бұл ретте аталған екі команда павлодарлық «Иртыштен» үлгі алса дейміз. Команда атауына қазақша әріптерді қосқысы келмесе ертерек латын әліпбиімен жаза берсін. «Tobyl» және «Aqjaiyq» деп...

âакжайÑк Ñкâçå¾çæç´¢ç»æ

Біз көне атауларды қазақшалай алмай жүрсек, кейбір басшылар сол қазақшадан бас тартқысы келеді. Мәселен, 2016 жылы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин көкшетаулық «Оқжетпес» клубының атауын «Арлан» деп өзгертейік деп айды аспанға шығарған болатын. Бұған басты себеп ретінде әкім мырза «Оқжетпес» деп айту тілге ауыр екенін алға тартқан.

– Бізде «Арлан» деген бар ғой (хоккей клубы). Әлбетте «ЦСКА» – «ЦСКА», «Динамо» – «Динамо». Білесіздер ме, неге «Арлан»? Мысалы, «То-бол!». Ал «Оқ-жетпес» немесе «Ақ-төбе» деп қиқу салу – қиындау, жоғалады. Ал «Арлан»: «Ар-лан!» – деп түсіндірген Сергей Витальевич.

Мемлекеттік тілге тілі келмейтінін мақтан тұтатын мемлекеттік қызметкер өз ойын дәлелдеу үшін ресейлік командаларды мысал еткен. «ЦСКА», «Динамо» деп. Бұған қоса «Оқжетпесті» ғана емес «Ақтөбені» де өзгерту керек деген ойын білдірген. Абырой болғанда Кулагин мырза Ақмола облысын үш жыл ғана басқарды. Егер тағы екі жыл отырғанда Оқжетпес атауымен ерте қоштасар ма едік?! Мемлекеттік тілді құрметтемейтін мұндай басшылар Оқжетпес секілді тарихи атауларды, қасиетті ұғымды қадірлейді деп үміттенудің өзі артық шығар.

Сергей Кулагинмен сынды басшыларға салсаң алматылық «Қайрат» командасын «Алма-ата», ал «Астананы» «Локомотив» (елордалық клубтың алғашқы атауы) деп атауға дайын. Сөз соңында айтарымыз, қазақ спортының жанкүйері де, жанашыры да қазақтар. Сол үшін әркімге жалтақтамай, қазақ спортын қазақша сөйлету керек.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер