Михал Билек: Зайнутдиновті Карпин жібергісі келмеді
Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
- Қазақстан құрамасын баптағаныма қуаныштымын. Бір жағынан, мақтан тұтамын. Оқу жаттығу жиынына уақыт бөлгені жақсы болды. Түркияға ертең аттанамыз.
- Қазақстан құрамасынан шақырту алғаннан соң ұзақ ойландыңыз ба?
- Шынымды айтсам, жоқ. Үш апта бойы Қазақстан тарапымен келіссөз жүргіздік. Тек Чехиядағы бір командамен келісімім қиындық туғызды. Алайда біз бір-бірімізге түсіністікпен қарадық.
- Ұлттық құрамаға футболшыларды қалай іріктедіңіздер?
- Барлық футболшылар жайлы ақпарат қажет, оның үстіне оларды іс жүзінде көргім келді.
- Келісімшартыңыз қай жылға дейін жарамды?
- Тек бір жылға келісімшартқа отырдық.
- Қазақстанға келмей тұрып, біздің ел жайлы не ойладыңыз?
- «Славияның» Еуропа лигасында «Астанаға» қарсы ойнағаны есімде. Мирослав Беранекпен таныстығым бар.
- ЕУРО-2020 іріктеу кезеңіне қандай мақсат қойылды?
- Дәл қазір бұл сұраққа жауап табу қиын. Маған және ойыншыларға танысу үшін уақыт қажет. Қолымыздан келгенін жасап, бұрынғыға қарағанда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз дегім келеді.
- Ұлттық құрамаға Постников пен Зайнутдинов шақырту алмады?
- Постников жарақаттанып қалды. Зайнутдиновті шақырғымыз келген. Алайда оны Валерий Карпин («Ростовтың» бас бапкері) жібергісі келмеді.