«Алтай» әлем біріншілігіне қатысады
Қытайдың Чжэцзян қаласында волейболдан клубтар арасындағы әлем біріншілігі басталады. Аталған сынға Қазақстан тарихында алғаш рет Өскеменнің «Алтай» клубы қатыспақ деп жазады Olympic.kz.
Юрий Панченко жаттықтыратын команда алғашқы ойынын 4 желтоқсан күні өткізеді. Бүгінде «алтайлықтар» чемпионат алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын Алматыда өткізіп жатыр.
«Алтай» құрамы биыл көптеген легионерлермен толықтырылды. Дегенмен, отандық волейболшылардың үлес салмағы басым.
Команда капитаны әрі ұлттық құрама үздігі Сана Анарқұлованың айтуынша, әлемнің үздіктері ғана бас қосатын додаға қатысу «Алтай» үшін үлкен жетістік.
«Біз клубтар арасындағы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы отырмыз. Әрине, Азия аймағында жолдама бір ғана командаға беріледі. Біз өз жерімізде өткен турнирде үздік үштікке ендік, ал жалғыз жолдаманы Таиландтың «Суприм» командасы жеңіп алды. Біз турнирді жоғары дәрежеде өткізгеніміз үшін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық. Бұл менің спорттық мансабымдағы тағы бір белес.
Өте жоғары дәрежедегі турнир алдында бізге бірнеше спортшы келіп үлгерді. Әзірбайжандық Наталья Маммадова, Италия чемпионатында ұзақ жылдар ойнаған Матея Икич, Сербия сапында әлем чемпионы атанған либеро Сильвия Поповичтер қатарымызда. Олармен бірге ойнап, ел кубогінде жеңімпаз атандық. Өзіміздің спортшылардың да қарасы көп. Енді біздің алдымызда жақсы ойын көрсету мақсаты тұр», - дейді Сана Анарқұлова.
Өскеменнің «Алтай» командасы түркиялық «Эджзачибашы», бразилиялық «Прайя» және таиландтық «Суприм» командаларымен бір топта ойнайды.
Өз елімізде өткен клубтар арасындағы Азия чемпионатында биыл «Алтай» мен «Суприм» кездескен жоқ. Ал өткен жылғы біріншілікте біздің команда таиландтықтарға 2:3 есебімен есе жіберген.
Клубтар арасындағы әлем чемпионатында сынға түсетін «Алтай» командасының құрамы төмендегідей:
Сана Анарқұлова, Кристина Аниконова, Ольга Дробышевская, Әлия Садықова, Наталья Шаршакова, Наталья Маммадова, Матея Икич, Наталья Акилова, Татьяна Фендрикова, Кристина Белова, Айнагүл Айжарықова, Сильвия Попович, Бояна Радулович, Айдана Орынтаева, Ана София Юсино, Ботагөз Сәрсенбаева.
ФОТО: Камила Ботахамитова