Шетелде стадион салатын қаржыға біз «ремонт» жасаймыз

Шетелде стадион салатын қаржыға біз «ремонт» жасаймыз

Биыл ғана республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылған Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың шырайын асыруға шындап кіріскен секілді. Жас әкім жақында «Қажымұқан атындағы орталық стадионды» жаңартпақшы көрінеді.

Бұл туралы қала басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингте айтты. Шымкент қаласының намысын қорғайтын «Ордабасы» футбол клубының Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне қатысатынын ескеріп, команданың жасыл алаңын жөндеуден өткізіп бермекші екен. Әбдірахымовтың айтуынша, Шымкенттегі стадионды қайта жаңартуға 44 млн еуро инвестицияланған екен.

- Биыл «Ордабасы» командасы ел чемпионатында 4-ші орын алды. Сөйтіп Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл біз үшін ауыр міндет. Осы міндеттің үддесінен шығу үшін дайындықты бастадық. Алдағы бір жарым жыл ішінде стадионды жаңартамыз. Біз бұл жұмысты словакиялық компаниямен бірлесіп істейміз. Бұл жұмысқа мөлшерімен 44 млн еуро инвестиция тартылады, - деді  Ғабидолла Әбдірахымов. Әкімнің бұл сөзін Bestnews сайты жариялады.

1969 жылы пайдалануға берілген «Қажымұқан атындағы орталық стадион» құшағына 20 мың адамды сыйдыра алады. Ғабидолла мырза осы алаңды жөндеуден өткізуге 44 млн еуро (мөлшермен 50 млн доллар) жұмсаймыз деп отыр. Ал өзге елде бұл қаржыға су жаға стадион соғып алады. Мысал үшін айта кетейік, Украина 2008 жылы 34 мың адамға арналған «Днепр-Аренаны» бар болғаны 40 млн долларға соғып алды. Ал 2014 жылы қабырғасы қаланған «Борисов-Аренаны» салу үшін Беларусь билігі бар болғаны 58 млн долларға шығындалды. 

50 млн долларға стадионның кем-кетігін түзетіп жүрген қазақстандықтар мыналардай жаңа алаң салу үшін қанша қаржы жұмсайды?

Ал енді өз сұрағымызға өзіміз жауап беріп көрейік. 2009 жылы «Астана Арена» стадионы пайдалануға берілді. Елордада орналасқан футбол алаңы 30 мың адамға арналған. Осы стадионды салуға бақандай 182 млн доллар жұмсалды. Тағы да өзгелермен салыстырып көрейік, 2011 жылы украиндер «Арена Львов» стадионын 80 млн долларға салып алды. Бұл стадионға 35 мың адам сыяды. Бұны аз десеңіз, Түркия «Водафон Парк» стадионын салуға (2016 жыл) 110 миллион доллар жұмсады. Бұл алаңнан бір жолда 42 мың адам футбол тамашалай алады. Байқап отырсаңыз «Астана Аренадан» әлдеқайда үлкен. Жұмсалған қаржы әлдеқайда аз. Осы жерде әділ болу үшін айта кетейік, «Астана Аренаның» төбесінде ашылып-жабылатын қозғалмалы шатыры бар. Бұл да құрлыс құнын қымбаттатқан себептердің бірі.

Сөз соңында қазақ футболы жайлы кеше ғана жарияланған тағы бір мәліметті айта кетейік. Атақты «Global Sports Salaries» компаниясының мәліметінше Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орында тұр екен. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Әрине, бұл сома аталған тізімнің көш басында тұрған Англиямен ($3,935,197), екінші, үшінші орындағы Испания ($2,896,151) және Италиямен ($1,999,865) салыстырғанда түкте емес. Алайда бұл елдерде футболшыларға төленетін жалақы қарапайым халықтың қалтасынан шықпайды. Әр команданың жеке иесі, өз демеушісі бар.

Осы тізімде біздің алдымызда тұрған 24 елдің бәрі футболда табысқа жетіп, аладоптан ақша тауып отырғандар. Қытай, Жапония, Сауд Арабиясы және АҚШ-ты айтпағанда қалған жиырма ел дәстүрлі футбол «державасы». Бұлар футболға қанша қаржы бөлсе де жарасады. Ал ана төрт ел шекесі шылқыған бай мемлекет. Біз сөз еткен бірнеше миллионға бұлардың да ештеңесі кетпейді. Бірақ бұл қаржы футболы кенже дамыған біздің ел үшін аз ақша емес. Тағы бір айта кетерлігі, футболда бізден әлдеқайда мықты Өзбекстан бұл тізімде мүлде жоқ.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или