PROспорт-блог
Басқа

Бодибилдингтің бетке ұстар өкілі Акбар Жармағамбетов кеңес береді

Бодибилдингтің бетке ұстар өкілі Акбар Жармағамбетов кеңес береді
news-banner7
mobile-news-top

Бүгінгі кейіпкеріміз - қазақстандық бодибилдингтің бетке ұстар өкілі, фитнес-жаттықтырушы Акбар Жармағамбетов. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, жақында ғана Азия чемпионы атанған Акбармен болған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

— Спортпен қай уақыттан бері айналысасыз?

Ата-анамның қалауымен 11 жасымнан бастап дзюдоға қатысқанмын. Бала кезімде әлсіз бала болдым, үнемі ауырып қала беретінмін. Сол үшін де, спортпен айналысуға ден қойдым. Бір күнде 3-4 секцияға қатысып та жүрдім. Дзюдодан кейін еркін күрес, баскетболмен айналыстым. Сол кездегі танымал би түрі – брэйк-данспен жеті жылдай шұғылдандым. Өзім топ ашып, өнер көрсетіп жүрдік. Бұл би түрімен айналысқаныма өкінбеймін де, себебі, физикалық тұрғыдан дамуыма, сонымен қатар, қазіргі таңдағы бодибилдингтегі жетістікке жетуіме де қатты көмектесті.

— Фитнеске қашан келдіңіз?

13 жасымда жәй ғана залға жаттығу үшін келіп жүрдім. Кәсіпқой түрде досымның айтуымен 15 жасымнан бастап айналысып келемін. Мені жаттықтырушы байқап, бодибилдингтен ұйымдастырылатын жарыстарға қатысуға шақырды. Ең алғаш 2011 жылы Қазақстан чемпионатына қатыстым. 2012 жылы III ашық Қазақстан чемпионатына қатысып, екінші орынды иемдендім. Осыдан кейін бодибилдингке толықтай кеттім десе болады. Тіпті, мамандығым бойынша істеп жүрген жұмысымнан да бас тарттым. Кейіннен, мен айналысқан жаттығу залының басшысы жаттықтырушы ретінде жұмыс істеуге шақырды.

— Жаттықтырушы болып істеудің қиын жағы қандай?

Ең қиыны – саған келген адамды өзі қалаған нәтижеге жеткізу. Бұл жерде клиент келді, тез-тез онымен жұмыс жасадың, клиент кетті деген жағдай емес. Әр адам әр түрлі, сәйкесінше, әр түрлі тәсіл керек. Жаттықтырушы адамдарды физикалық тұрғыдан қандай түрге жататынын, қандай жаттығулар керектігін, қандай тамақ жеу қажеттілігін – бәрін-бәрін білуі тиіс. Менде жаттыққан адамдар 3-5 ай аралығында жақсы нәтижеге жетті. Әрқашан барынша мотивация беруге, қалауын-тілегін тыңдай отырып, бағдарлама құруға тырысамын.

— Спортпен айналысуға өзіңді қалай итермелен дұрыс?

Өзіңді итермелеп спортпен айналысудың қажеті жоқ. Адам өзіне не керек, немен айналысқысы келеді – ол жағын өзі шешуі қажет.

— Сізге көбінесе қандай мақсатпен келеді? Арықтауға ма, салмақ қосуға ма?

Екі жағдайда да. Көбінесе, арықтауға десе болады. Себебі, елімізде арық адамдарға қарағанда, толық адамдар көбірек. Көп жағдайда, жас жігіттер, студенттер салмақ жинауға келеді.

Залға жаңадан келгендерге арналған жаттығуларды айтып өтсеңіз.

Ең алдымен, залға ең бірінші келген адам өз салмағына сай жаттығулар орындау керек. Кейіннен, сәйкесінше, уақыт қосып, жаттығуларды түрлендіру қажет. Өйткені, денеміздің бұлшық еттері бір салмаққа үйреніп кетеді. Сондықтан салмақтарды көбейтіп, жаттығуларды өзгертіп тұру керек.

— Кейбіреулер үйде жаттығып жатады, мұндай жаттығулардың әсері бар ма?

Ия, үйде жаттығу да әсерін береді, тек күн тәртібіне сай орындағанымыз жөн. Қазіргі таңда ғаламторда видео-жаттығулар және қосымшалар өте көп. Міндетті түрде, гантель, штанга, т.б спорттық жабдықтаулар болуы қажет. Оларсыз нәтижеге жету мүмкін емес.

— Кейбіреулер залда жаттығады, алайда, нәтиже жоқ. Оның себебі не?

Нәтиженің жоқтығы - арнайы бағдарламаның, жақсы жаттықтырушының болмауы. Бір өзі жаттыққан адам өзінің қателігін көрмейді. Оның үстіне, өзімізді тағы аяймыз. Жаттықтырушының көмегіне жүгінген дұрыс. Өйткені, әр саланың, мейлі ол бокс болсын, фитнес болсын, өз техникалары бар. Сондықтан, екі-үш ай болса да, фитнес-залда жаттықтырушымен дайындалған жөн.

Аптасына қанша рет жаттығу керек?

Аптасына 3 реттен. Бір күнде 45 минуттан 2 сағатқа дейін жаттығуға болады. Бірақ, кейде адамдар бұл нормаларға қарамастан, күніне 4 сағат, 6 сағаттан та дайындалады. Ағзаға демалыс керек, сондықтан араға 1-2 күн салып жаттыққан дұрыс. Көбінесе бір жарыстарға дайындалу кезінде солай істеуге болады. Залда жаттыға алмасаңыз, онда күнде 20-30 минут түрлі жаттығулар жасап не болмаса жүгіру керек. Мен аптасына 3-4 рет 2 – 2,5 сағатымды ғана жаттығуға арнаймын. Жарыс, конкурстарға қатысар алдында аптасына 6-7 реттен дайындаламын.

— Көптеген өнер жұлдыздары сізде жаттыққысы келеді...

Әнші-актерлер, журналистер өте көп келеді. Олардың көп жағдайда уақыты бола бермейді. Өнер адамдары менің қысқа уақытта қалыпқа келтіре алатынымды біледі. Өйткені, актерлерге кино түсіріліміне дейін салмақ қосу керек болады. Актер Еркебұлан Дайыровты бір фильмге дайындадым. Ол кісіге салмағын 100 келіге жеткізу керек болды. Екі айдың ішінде 22 келі қостық. Қазір Аян Өтепбергенмен айналысудамын. Оған да бұлшық ет жинауы керек екен. Ал әншілер, көп жағдайда, бейнебаян түсіру үшін арықтауға келеді.

Шыдамай кетіп қалатындар бар ма?

Иә, ондайлар өте көп. Кейбіреулер бар, бір айда арықтап немесе салмақ жинасам дейді. Ол мүмкін емес жағдай. Мысалға, боксты алып қарайтын болсақ, сол қолыңмен соққы дарытуың үшін, кем дегенде бір жыл дайындаласың. Сол секілді, тек бір айда сен өзіңнің ағзаңды танып бастайсың.

Күнделікті қалай тамақтанасыз? Сипаттап берсеңіз...

Күніне 5-6 рет аз-аздан тамақтанамын. Таңертең алма және сұлы жармасынан (Геркулес) ботқа дайындап жеймін. Сағат 11-лерде айран мен 200 грамм ақ ірімшік және жеміс-жидекпен қоректеніп аламын. Түскі аста – күндегідей тауық еті. 16:00-де түрлі жеміс-жидек, жаңғақ немесе витаминдік қоспаны қабылдаймын. Кешкі ас – қайнатылған ет, күркетауық немесе жай ғана тауық етінен тағамдар және салат. Жатарға жақын 1 стақан айран ішемін.

— Қандай тағамдарды мүлдем тұтынбайсыз?

Қуырылған тағамдар менің мәзірімде жоқ. Сонымен қатар, өсімдік майын мүлдем қолданбаймын. Тек бұқтырылған тағамдарды тұтынамын. Тәтті (қант), нан және нан өнімдерін жемеймін.

— Протеин немесе тағы басқа қоспаларға қалай қарайсыз?

Мен спорттық тағамдарды қолдануға қарсылығым жоқ, күнделікті тұтынамын десе де болады. Бүгінгі күні олардың түрлері өте көп. Олар неғұрлым тез нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді. Протеиннің жұрт айтқандай зияны жоқ. Ол тек ағзадағы ақуыздың тәуліктік нормасын реттейді.

— Сіздің сүйіп тұтынатын спорттық өніміңіз қандай?

Мен кешенді (комплексті түрде) түрде ішуге тырысамын. Спорттық өнімдерден протеин, креатин, ВСАА амин қышқылдарын үнемі ішіп тұрамын. Айына 2-3 рет ағзаға керекті минералды-витаминдік өнімдерді тұтынамын.

— Химиялық препараттарды, стероидтарды қолданғансыз ба?

Ешқашан химияны, стероидты заттарды қолданбадым. Тек табиғи жолмен, өз күшіммен айналыстым. Айтып өткендей, бала кезден күрес түрлерімен, дзюдомен, бимен айналыстым. Мұның бәрі бодибилдингте де жақсы нәтиже көрсетуге көмектесті. Сонымен қатар, спорттық тағамдар да өз көмегін берді. Мен химиялық препараттар қолдануға қарсымын.

— Яғни, креатин, протеин, глютамин – фармакология емес...

Бәрі ойлайды протеин –химия, зиян деп. Протеинде ағзаға қажетті ақуыз өте көп. Денеңіздің әдемі әрі шымыр болып қалыптасуы үшін спорттық тамақтарды күнделікті үзбей пайдалану керек. Себебі, бір күн жасалған еңбек далаға кетеді. Сонымен қатар, жай ғана тағамдардан қажетті бұлшық ет жинау өте қиын.

Табиғи айналысатын адам мен препаратта отыратын адамды қалай ажыратса болады?

Ешқандай жаттығусыз тез арада массаның жиналуы – стериодты тұтынатын адамның бірден-бір белгісі. Натуралдарда бұлшық ет тез өспейді. Сонымен қатар, химия қолданатындардың денесінде түрлі дақтар, арқасында безеулер болады. Көк тамыр көрінуі де тыйым салынған препараттарды тұтынғандықтан болады.

— Бодибилдингтен басқа тағы немен шұғылданғанды ұнатасыз?

Саяхаттағанды, әлем шарлағанды ұнатамын. Жақында Грузия елінде болып қайтқам. Сонымен қатар, тауға шыққанды ұнатамын. Бос уақытымда баскетбол және үстел теннисін ойнаймын. Қыста апта сайын сноуборд, шаңғы тебуге барып тұрамын.

— Арманыңыз не? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Арманым - миллион адамды сауықтыру, оларды үнемі жаттығумен айналысуға шақыру (күліп). Жалпы, ұлтымыздың сау, спорт жағынан мықты болғанын қалаймын. Жоспарға келетін болсақ, YouTube-те спорттық канал және фитнес-бағдарлама (akbargym) ашу қолға алынып жатыр.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер