Қайырбаев: Әлем чемпионатындағы нәтижеміз - қазақ спортының жетістігі
28 қыркүйек күні Алматыға дзюдодан әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасы қайтып келді, деп жазады Prosports.kz.
Әзірбайжан астанасы Баку қаласында күміс медаль алған Ерлан Серікжановтың бапкері Айдар Қайырбаев біздің сайттың тілшісіне Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы нәтижесі туралы айтып берді.
- Біздің спортшылар әлем чемпионатында жақсы нәтиже үшін көптеген әлемдік Grand Slam турнирлеріне қатысты. Біздің құрамадан тек 66 келі және 73 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар ғана емес, Жансай Смағұлов, Ислам Бозбаев, Ғұсман Қырғызбаев қатары жігіттер де жақсы өнер көрсетті. Менің ойымша, құрама мүшелерінің бәрі жоғары деңгейде күресті.
Дзюдо - өте танымал спорт түрі. Осы жолы 130 қатысушы елдің арасында 12-ші орын иелендік. Бір күміс, бір қола жүлде біздің тақиямызға тар келмейді. Менің ойымша, жаттықтырушылар штабы өте жақсы жұмыс істеп келеді, олар әр түрлі жарыстарға қатысатын құрама мүшелерін өте дұрыс таңдайды. Әлем чемпионатында қол жеткізген күміс пен қола бүкіл Қазақстан спортының жетістігі. Барша жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін. Біздің спортшылар көп тәжірибе жинады, болашақта бұдан да жақсы нәтиже көрсететін болады, - деді Қайырбаев.