«Ұлы майдан»
![«Ұлы майдан»](https://prosports.kz/upload/news/content/file_1387102932_565183503.jpg?v=28696161)
19 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ұлы майдан» деп аталатын аса ірі халықаралық жарыс өтеді.
Биылғы жылдың көктемінде атал-мыш жарыстың тұсауы кесілген болатын. Басты жекпе-жекте атышулы Ресей спортшысы Расул Мирзаев пен қандасымыз Ержан Естанов шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, Қап тауы қыранына біздің жігіттің шамасы жетпеді. Бұл бәсеке ұпай санымен Мирзаевтің пайдасына шешілді. Осы жеңістің арқасында Расул өзіне тиесілі әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Кейіннен екі жақ өзара келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде ортақ мәмілеге келіп, қос спортшы арасында қарымта кездесу өткізу жөнінде уағдаласты. Сөйтіп, Расул мен Ержан қайта күш сынасатын болды. Бұл жолы Естанов ел сенімін ақтайды деп үміттенеміз. Өйткені Алматыда өтетін бұл жарыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылып отыр. Ал осындай мереке кезінде қазақ жігітінің жеңілуге еш хақы жоқ.
«Ұлы майдан» жарысы барысында қазақтың қос мақтанышы – Қайрат Ахметов пен Аслан Тоқтарбаев чемпиондық тәж үшін айқасады. Жеңіл салмақтылар арасында бақ сынап жүрген қос қандасымыздың есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» билейтін Қайрат айқас алаңында бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Ол қарсы келгендердің барлығын алып та, шалып та жығып жүр. Ахметовтің бүркеншік есімі – «Қазақ». Ал Аслан бауырымыз «Арыстан» деген лақап атпен танылды. Оның да жүріп өткен жолы ірі жеңістерге толы. Алайда Алатау баурайында өтетін жарыс барысында қандастарымызға жеңіс оңайлықпен келеді деген ой туындамауы керек. Екеуінің де қарсыласы өте қауіпті.
Бұл кеште Ахметов Күншығыс елінен келген Татсуей Ватанабемен айқасады. Ол ережесіз жекпе-жектен Жапонияның бірнеше дүркін чемпионы. Осы күнге дейін Ватанабе 21 кездесу өткізіп, 14 рет жеңіске жетті. Төрт рет ұтылып, тағы үш бәсекені тең аяқтады. Тоқтарбаев америкалық Кевин Круммен күш сынасады. АҚШ спортшысы 16 кездесуде 12 рет жеңіс тойын тойлады. Көбіне-көп ол дзюдо мен джиу-джитсу әдістерін қолданатын көрінеді.
Өзге бәсекелерде чемпиондық атақтар сарапқа салынбағанымен, бұл жекпе-жектер де жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудыратыны даусыз. Мәселен, Ресейден Мариф Пираев келеді. Бұған дейін ол Алаш топырағына екі рет ат басын бұрып, екі ретінде де жеңіске жетті. Пираев Астанада Шахволат Юсубовты ұтса, Алматыда Аңсаған Құсайыновтан айласын асырды. Бұл жолы қапқаздық спортшы Махир Мамедовпен шеберлік байқасады.
Ғалым Сүлеймен (Айқын)