Күрес

Әсет Серікбаев: Азиядаға ел чемпионатының жеңімпаздары барады

Әсет Серікбаев: Азиядаға ел чемпионатының жеңімпаздары барады
news-banner7
mobile-news-top

Тамыздың 18-і күні Индонезия астанасы Джакартада ХVIII Жазғы Азия ойындарының жалауы желбірейді. Аталған додада спортшылар 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. Сары құрлықтың басты бәсекесіне еркін күрес түрінен балуандарымызды бастап баратын ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев prosport.kz тілшісіне қысқаша сұқбат берген еді.

- Азиядада еркін күрестен алты балуанымыз белдеседі. Балуандарды қалай іріктеп алдыңыңыздар?

- Азия ойындарына мамыр айының басында өткен ел чемпионатының жеңімпаздарын апарғалы отырмыз. Бұлардың арасында наурызда Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында жүлде алған балуандар да бар. 57 келіде Жандос Исмайлов пен 74 келіде Данияр Қайсанов екеуі Азия чемпионатында қола жүлде алды, Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды. Ал Азия чемпионатында 92 келіде күміс жүлде алған Әділет Дауланбаев Азиядада 86 келіде бақ сынамақшы. Бұдан бөлек 65 келіде Азия чемпионы атанған Дәулет Ниязбеков Азиядаға бара алмайды. Себебі, ол ел біріншілігінде Саятбек Оқасовқа есе жіберді.

- Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров ақпарат құралдарында Азия ойындарына қатысқысы келетінін айтып жүрген еді. Бірақ, таңдау Данияр Қайсановқа түскен екен.

- Иә, Ақжүрек өте мықты спортшы. Мансабында тек Азия ойындарында ғана жүлде алған жоқ. Басқа ірі турнирлердің бәрінде олжа салған. Сол үшін биыл Индонезияға барғысы келген болу керек. Бірақ, жақында спорт мектебіне басшы болып тағайындалды. Қазір сондағы жас спортшылардың дәрежесін көтеру үшін жұмыс істеп жатыр деп есептеймін.

- Бүгінгі таңда алынбас қамалдай болған ирандық баулан Хасан Яздани жайлы не айтасыз?

- Яздани әлемдік күрес өнеріндегі сөзсіз фавориттердің бірі. Оның әр күресін қарап зерттедік. Осы күнде кез-келген балуанның қалай күресетінін интернет желісіндегі бейне қорлардан тауып алып, қайталап көруге болады. Бізде Хасанның қалай белдесетінін арнайы саралап көрдік. Бірақ, спорт болған соң жеңілмейтін адам болмайды.

- Азия ойындарында алтын медаль алмағалы көп болды.

- Азиядада еліміздің балуандары осы күнге дейін тек бір алтын медаль ғана алған. 1994 жылы Мәулен Мамыров Жапония жерінде жеңімпаз атанды. Егер осы олқылықтың орнын биыл толтырып жатсақ үлкен қуаныш болар еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер