Мәдияр Құрамысов: Жыл сайын осындай турнир өткізуге ниеттіміз
6 шілде күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде еркін күрестен халықаралық турнир өтеді.
Бүгін аталған турнирдің баспасөз конференциясы өтті. Алматы қаласындағы «Айсер» қонақүйінің мәжіліс залына жиналған қонақтар қатарында Қазақстан күрес федерациясының вице президенті Ерлан Қожаспай, Олимпиада чемпионы, Қазақстан еркін күрес академиясының бас бапкері Қажымұрат Гацалов және турнирге қатысатын құрамалардың бас бапкерлері болды.
Жастар арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған құрамалар кездесуіне Қазақстан, Ресей, АҚШ, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан жастар құрамалары қатысады.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Мәдияр Құрамысов prosports.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
- Турнирде ел намысын қорғайтын балуандар жайлы айтып өтсеңіз.
- Бұл кезекті жарысқа ел құрамасының бірінші номерлі балаундары толық қатысып жатқан жоқ. Себебі, негізгі күшті Нью-Дели қаласында өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатына сақтап отырмыз.
- Ертеңгі жарыста жастар құрамасынан кімдер бақ сынайды?
- 65 келіде Дүйсенқұл Қуаныш, 70 келіде Қайпанов Нұрқожа, 92 келі Ерғали Алишер, 97 келіде Бахытханов Серік және 125 келіде Эюбов Омар. Ертең Алматыда өнер көрсететін құраманың қуатын күшейту үшін осы балуандарды қосып отырмыз.
- Ал қалған балуандар еркін күрес академиясының тәрбиеленушілері ме?
- Жоқ. Еркін күрес академиясынан жеті-сегіз балуан бар. Ал қалғаны құрама мүшелері.
- Турнирге қатысатын балуандарды қалай іріктеп алдыңыздар?
- Арнайы іріктеу өткізбедік. Күнделікті күресіне және соңғы нәтижелеріне қарап құрамаға шақырдық.
- Ал қонаққа келген құрамалардың қуаты қалай, өз елдерінің ең мықты жас балуандары келді ме?
- Менің ойымша, Украина құрамасы бірінші номерлі балуандарын әкелген секілді. Ал қырғыздардың ең мықты жігіттерін алып келгеніне сенімдімін. Өзбектер әзірге жұмбақ құрама болып тұр.
- Енді осы турнирдің маңыздылығы жайлы айтып өтсеңіз.
- Бұл турнир қазірше халықаралық күрес федерациясының күнтізбесіне енген жоқ. Сондықтан жеңіске жеткен балуандарға ұпай таратылмайды. Басқаша айтқанда, жолдастық турнир деуге де болады.
- Турнир алдағы жылдары дәстүрлі түрде жалғасын таба ма?
- Иә, ресми рұқсат алып, халықаралық дәстүрлі турнир ретінде өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз.