Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионаты Бразилия экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін
Осы күндері өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігі Бразилия экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Жанкүйерлерге ойындарды алаңсыз көруге мүмкіндік беру үшін қызметкерлердің басым бөлігіне жұмыс сағаттарын қысқартқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл ел экономикасын орасан зор шығынға батырмақ. Алайда футболды пір тұтатын халықтың қалауына қарсы шығуға билік бата алмаса керекті.
Әдетте демалушылардан арылмайтын Бразилия қалаларының шулы көшелері соңғы күндері тым-тырыс. Көптеген дүкен мен дәмхана кешке дейін жабық тұрса, кейбір жерлерде кеңселер де өз жұмысын тоқтатқан. Тиісті сала мамандары бұл уақытты үйлерінде немесе спорт-пабтарда теледидар алдында өткізіп жүр. Ресеймен уақыт айырмашылығына байланысты ойындардың көрсетілімдері жұмыс уақытымен қатар келеді. Ал футболды пір тұтатын бразилиялықтар не таңдайтынын айтпаса да түсінікті.
Флавио Коба, футбол жанкүйері:
– Сауда саласында жұмыс істеймін, фирмамыздың шет елдермен байланысы бар. Шынын айтсам, біздің бөліміміздің жұмысқа шықпауы зиян тигізе ме, білмеймін. Бірақ бүкіл бразилиялықтар үшін футбол чемпионатынынан асқан дүние жоқ. Пеле, Зико мен Роналдо елінде өссеңіз, оны жақсы түсінер едіңіз.
Экономикаға үстіртін қарауға болмайтынын Бразилия билігі де жақсы біледі. Қызметкерлерін тек ел құрамасы ойнайтын күндері жұмыстан босатады, оны да кейін өтеуі тиіс. Алайда іс жүзінде көптеген мекеме мамандары табысты емес теледидар алында тартысты ойын көруді таңдайтындықтарын байқатқан.
Адрэа Зольди, қаржылық сарапшы:
– Бұдан түскен экономикалық шығынды есептеу қиын және онымен арнайы ешкім айналыспайды. Тек айтарым, оны миллиондаған доллармен бағалауға болады. Бразилиялықтардың басым бөлігі үшін футбол – күнделікті қиыншылықтар мен кедейлікті ұмытқызатын жалғыз қуаныш.
Үкімет федералды құрылымдардың басшылары әлем чемпионаты кезінде өз мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс деп қаулы шығарған. Еңбек министрлігі ұлттық құрама ойнайтын күндерді демалыс деп жариялаудан бас тартты.