Теміртасова: Бес ұлды ұтып, финалға шыққан кездер де болған
Әйелдер күресі Олимпиада ойындарының бағдарламасына 2004 жылы енгізілген. Сол тұстан бастап, Қазақстанда бұл спорт түрі қарыштап дамып келеді. Оған халықаралық жарыстардан жүлдесіз қайтпай, ел мерейін өсіріп жүрген спортшыларымыздың жеңісі дәлел. Сол бұрымды балуандарымыздың бірі - Айна Теміртасова. Жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы. Бір қызығы, Айна еркін күреске дейін грек-рим күресімен айналысқан. Әңгімеге көп ашыла бермейтін аруымыз prosports.kz тілшісіне сұхбат берген еді.
- Айна күреске қалай келді?
- Күрестегі алғашқы қадамымды Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Донецк ауылында бастадым. Күреске алғаш рет он жасымда сыныптасым арқылы кездейсоқ келдім. Балалық қызығушылық болған шығар, ол кезде чемпион боламын деген мақсат болған жоқ еді, тіпті спорт жолына келдім-ау деген ой да болмады. Тек балалармен алысып ойнау үшін баратынмын. Ал ата-анам нәзік жандыларға ер балалармен бірге жаттығу жасау, күресу артықтау деген пікірде болды. Сол себепті олар менің күреске баруыма қарсылық білдірді. Әрине, қыз баланың күресуі дінімізге, ұлтымызға жат нәрсе ғой. Оған қоса, қанымызда балуан түгілі спортшы да жоқ еді. Ұзақ уақыт оларды жағалап, көндіруге тырыстым. Кейін олардың рұқсатынсыз күрес залына қашып барып жүрдім. Бір-екі айдан соң олар менің күреске деген құлшынысымды көріп, ақыры келісімін берген болатын. Сөйте келе күрестің қыр-сырын тани бастадым.
- Ата-анам қарсы болды дейсіз... Әлпештеген әкеңіз бен аялаған анаңыз жайлы көбірек білсек деп едік.
- Қыз бала әкеге жақын болады демекші, мен әкемнің қызымын. Екеуміздің ұқсастығымыз да көп. Ол темір жолда қызмет жасайды. Ал анам өте мейрімді, жанашыр адам. Ол кісі үй шаруасын атқарады. Айта кетерім, анам орыс ұлтының өкілі. Бәлкім менің орыс тілінде көп сөйлейтінім де содан болар (күлді). Осы бастан айтып қояйын мен мұсылманмын. Қазір қасиетті Рамазан айы. Мен де құлшылығымды қаза қылмай отыз күн ораза ұстап жүрген жайым бар.
- Енді бапкерлеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?
- Алғашқы бапкерім Бухмиллер Павел Викторович - грек-рим күресінің шебері. Күреске деген қызығушылығымды оятқан да сол кісі. Оның әр жаттығуы ойын түрінде қызықты өтетін. Себебі кейбір бапкерлер кішкентай балалар спортқа енді келген кезде шаршатып, бірден қинап жібереді. Балаға бірінші ойын керек. Павел Викторович бізді айламен күреске жетелеген еді. Өкіншке орай, Павел Викторович 2012 жылы, 59 жасында өмірден өтті. Кейін оның ұлы Леонид Павлович Бухмиллер мені Степногорск қаласының дарынды балаларға арналған спорт-интернатына берді. Жеке бапкерім деп те сол кісіні санаймын. Ал дарынды балаларға арналған спорт интернатында Евгений Николаевич Судейкин, Әділ Қуатович Тәженов, Айдар Шаймуратович Шайдулиндардың қол астында жаттықтым. Марқұм Павел Викторович іргетасымды қаласа, қалған бапкерлерімнің арқасында әлемдік аренаға шықтым. Олар әлемдік күресте қандай өзгерістер бар, жаңадан қандай әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр, барлығын жіті бақылап отырады.
- Әлемдік арена демекші, Айна осы күнге дейін қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- Шынымды айтсам өзімінің жетістіктерім түгелдей есімде жоқ (күлді). Десе де, негізгілерін айтып көрейін. Жасөспірім және жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында алты рет топ жардым. Сары құрлықтың додасында жеңімпаз және қола жүлдегер атандым. Төрт жылда бір келетін «Дети Азии» жарысында алтын медаль иелендім. Түркия, Беларусь елдерінде өткен халықаралық жарыстарда бас жүлдені олжалап қайтқаным да бар. Алайда, осы күнге дейін әттеген-ай деген сәттерім де аз болмады. Мәселен, әлем чемпионатының қоласы үшін таласта төрт рет сүріндім.
- Ең алғашқы жарысыңыз есіңізде ма?
Әрине, есімде. Грек-рим күресінен Қарағанды қаласындағы республикалық турнирі. Ол сайысқа қатысуым да жырға толы болды. Жарыс ер балалар арасында өткендіктен марқұм бапкерім турнир ұйымдастырушыларынан жарысқа қатысуымды сұрап, ұзақ жалынған еді. Барлық жауапкершілікті өзіне алып мені жарысқа тіркеген болатын. Сол кезде бес ер баланы жығып финалға шықтым. Ақтық сынға келгенде жарыста меннен басқа қыз бала жоқ екенін көріп өкіріп жылағаным әлі есімнен кетпейді. Сөйтіп, жарыстың күміс жүлдесін қанағат тұттым. Ол медалімді ілмеген жерім жоқ. Аталған жарыстағы күміс жүлдем алтыннан да қымбат десем артық айтқандығым емес. Алғашқы жеңістің дәмі тәтті болады дейді ғой. Сол бір сәттер жүрегімде әлі сақтаулы тұр.
- Жастығыңызға қарамастан биылдан бастап ересектер арасында өнер көрсетіп жүрсіз. Қазақстандағы басты қарсыластарыңызды атап өтсеңіз?
- Елімізде осал қарсылас жоқ. Барлығы мықты. Алайда, ересектер арасындағы ең азулы қарсыласым Аяулым Қасымова. Н. Әбдіров турнирінің финалында Аяулымды 4:2 есебімен ұтқан едім, ал Шымкенттегі финалдың бірінші кезеңінде иық жарақатын алып, жеңіліс таптым.
- Сол Нұркен Әбдіров турнирі Азия чемпионатына іріктеу жарысы еді. Десе де сізді Бішкек кілемдерінен көрмедік.
- Ия, ол іріктеу жарысыныда жеңімпаз атандым. Алайда, бастапқыда Азия чемпионатына барудан бас тартқан болатынмын. Нұркен Әбдіров жарысынан кейін үш ай демалыс алып, жарақатымды емдедім.
- Сіздің сүйікті балуаныңыз кім?
Жапониялық балуан Каори Ите. Ол өте мықты, техникасы аса жетілген дарынды спортшы. Оған оның жетістіктері де дәлел. Каори күрес тарихында төрт Олимпиада және он рет әлем чемпионатын бағындырған - тұңғыш балуан.
- Сен кумир тұтатын Каори Ите және өзге де жапон қыздары бар, бүгінде әйелдер күресінде аталған елдің палуан қыздары үстемдік құрып тұрғаны жасырын емес. Тек біз ғана емес бүкіл әлем палуандары жапон қыздарының алдында дәрменсіз болып жатады. Олардың өзге елдің спортшыларынан артықшылығы неде?
- Әрине, Жапон қыздары әйелдер күресінен алдына жан салмайды. Алайда, мен оларды бізден мықты деп ойламаймын. Мүмкін қате өзімізден. Негізі барлығы өзіңе ғана байланысты. Бапкерлер айтпақшы: «дайындық пен еңбек қандай болса, нәтиже де сондай болады».
- Көбі күрес нәзік жандыларға жараспайды деп жатады. Ал сіз қалай ойлайсыз? Жас қыздарға бұл спорт түрін таңдауға кеңес бересіз бе?
- Меніңше, күрес тек ерлерге ғана арналмаған. Жас қыздарға күрспен машықтануға кеңес беремін. Ерінбей жаттықсын. Себебі күрес күш-қуат, жігер, қайрат, намысыңды арттырады. Сонымен қатар, ұлттық намыс пен отансүйгіштікке тәрбиелейді. Темірдей тәртіпке баулыйды.
- Айна, сөз соңында арманыңыз жайлы айтып берсеңіз?
- Арманыңды айтуға болмайды. Біреуге айтсаң кейін орындалмай қалуы мүмкін. Әрине, ол қалжың ғой. Қазіргі таңда, маған алған жарақаттан емделу қажет. Олимп шыңын бағыныдыруды мен де армандамаймын. Содан кейін күресте бір ізімді қалдырсам деген мақсат бар.
- Сұхбатыңызға рахмет! Армандарыңызға жете беріңіз!
Фотолар: Kazakhstan wrestling online және спортшының жеке мұрағатынан