Әлжан Жармұхамедов: Туған жерді сағындым. Арманым - отаныма оралу!

Әлжан Жармұхамедов: Туған жерді сағындым. Арманым - отаныма оралу!

Баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының жеңімпазы (1972 жыл), Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегері (1976), яғни қатарынан екі Олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ саңлағы Әлжан Жармұхамедов Алматыға келді. Қазақтың бағына туған спортшының таланты өзге елде еріксіз мойындалғанымен елімізде өз бағасын ала алмай жүр. Кеңес Одағының «Құрмет Белгісі», Ресейдің «Почет» орденімен марапатталған даңқты спортшымызға елімізде «Халық қаһарманы» атағы берілмегені былай тұрсын, тіпті осы күнге дейін еліміздің ең үлкен қаласынан Әлжандай ардағымызға бір баспана бұйырмай келеді. Ал Әлжан ағамыз Ресей астанасы – Мәскеуде тұрып жатқанымен елге келсем, деген арманынан үміт үзген емес. ХХ ғасырдың ең атақты қазақ спортышысымен әңгімелсу бізге де бұйырған еді.

- Әлжан аға, Алматыға қош келдіңіз! Әңгімені сол сонау 1972 жылдағы Олимпиададан бастасақ. КСРО мен АҚШ құрамалары арасындағы аңызға айналған ақтық финалдың соңғы минуттарын жиі есіңізге аласыз ба?

- Ондайды ұмыту мүмкін емес. Матчтың аяқталуына үш секунд қалғанда біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіліп жаттық. Жаттықтырушы мені Иван Едешкомен алмастырды, ол барлық алаң үстімен асыра отырып Саша Беловқа пас берді. Ал, Саша болса санаулы секундтарда допты қақпаға салып үлгерді, сол-ақ екен бірден финалдық дабыл қағылды. АҚШ құрамасы матч қорытындысына байланысты наразылық білдірді. Біз ойын нәтижесін шешінетін бөлмеде таңғы алтыға дейін күткен едік. Ал келесі күні түске таман КСРО құрамасының Олимпиада чемпионы атанғанын білдік. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын.

- Сол тарихи жеңіске қатысты «Движение вверх» атты фильмі де  түсірілді. ТМД, Балтық жағалауы елдерінде блокбастерге айналған туындыны сынаушылар да аз болмады. Жалпы ол фильм сіздің көңіліңізден шықты ма?

- Біріншіден ол деректі емес, көркем фильм екенін ескеруіміз қажет. Кинодағы көп нәрсе көрермендердің қызығушылығын арттыру үшін жасалған. Сол себепті аталмыш туындыға қатысты үлкен ескертулерім жоқ. Ең бастысы режиссер сол драмаға толы матчттың шиеленісті сәтін, әсіресе, соңғы үш секундтағы естен кетпес сезімді жеткізе білген. Фильмнің тұсаукесерін жолдасым, балаларым және келіндеріммен бірге барып тамашаладым. Кинода америкалықтармен аулада қара уылдырыққа баскетбол ойнаған кезімізді көрсетіп жатқанда жолдасыма: «Ондай жағдай болған жоқ» деп бұрылсам, көзінен жасы ағып жылап отыр: «Лариса саған не болды? Одан бері 45 жыл өтті ғой», дедім. «Сен білесің бе, бұл мені сол 45 жылға артқа қайтарды. Сол түні Мәскеуде ұйқысыз отырып, ойынның нәтижесін білмей барлық жаққа телефон шалғанымыз әлі есімде», деді.

 

 

- Балаларым мен келіндерім демекші. Баларыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- Владислав пен Сергей атты екі ұлым бар. Олар дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Үлкен ұл көп жылдар бойы Мәскеудің БЖСМ бірінде оқу меңгерушісі болып еңбек етті, қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Кіші ұлым «Химики» кәсіби баскетбол клубында жұмыс жасайды.

- «Астана» баскетбол клубына қатысты пікіріңіз қандай?

- «Астана» баскетбол клубы Қазақстанның қазіргі чемпионы, сондай-ақ, елдің ұлттық құрамасының негізі. Десе де мен өте көп шетелдік ойыншылардың отандық клубта ойнауына түпкілікті қарысымын. Себебі олар жергілікті ойыншылардың жолын жабады. Тәжірибе алып, алаңда ойнауын шектейді. Спортта жеңімпаз психологиясы деген ұғым бар. Қосалқы құрамда отырып мықты болу мүмкін емес. Егер сен жауапты ойынға қатыспасаң бойыңда жеңімазға тән мінез пайда болмайды. Оның барлығы кейін ұлттық құрама ойыншыларына кері әсерін тигізетіні анық. Әрине, командада бір-екі легионерді ойнатуға болады. Меніңше, шетелдік ойыншыларға қыруар ақша төлеп, олармен команданың жарты құрамын толтыру дұрыс емес.

- Баскетболдан АҚШ құрамасына қарсы тұратын команда жоқ сияқты. Сіздің ойыңызша оларды ұту мүмкін бе?

- Тарихқа көз жүгіртер болсақ, америкалықтар КСРО-дан бөлек тек Югославия мен Аргентина командаларынан ғана ұтылған. Алайда, ол Олимпиадаларға NBA баскетбол лигасының кәсіби ойыншылары қатыспаған болатын. Содан бері олар дүбірлі додаларға кәсіби ойыншыларын жинақтап әкеліп қарсылас шыдатпай жүр. Егер Олимпиадаға не әлем чемпионатына «Дрим-тим» жұлдызды баскетболшылары қатыспаса оларды жеңуге мүмкіншілік бар.

- Әлжан аға, сізді елімізге неге оралмайды деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Бұған дейін елге ораламын деп әрекеттендіңіз бе?

- Ия, Алматыға бірнеше рет көшіп келуге әрекет жасадым. Тіпті, 1987 жылы Алматыда қызметке орналастым. Баскетбол маманының қызметі бос болмағандықтын, нысана көздеуші ретінде жұмысқа алды. Алайда, баскетолшыдан нысана көздеуші маманы қайдан болсын. Оған қоса, пәтер мәселесі де шешілмеді. Неге екенін білмеймін алайда сол тұстағы спорт басшылары осылай өгейсітті. Мұндайға шыдамадым. Сол себепті аттың басын артқа бұруға мәжбүр болдым. Кейін «тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионы кім?» деген сұрақ туындап мені Қазақстанға шақыртты. Сол кезде де елге оралсам деген ниетімді білдірген едім. Алайда, ол жолы да тағы бір мәселелердің басы ашылмай, ата жұртқа оралуым арман болып қала берді.

- Қазіргі таңда, елімізге қызметке шақырса келер ме едіңіз?

Сөздің шыны керек, менің жасым келді. Жетпістен асқанда бапкер болу мен үшін қиынға түседі. Егер құрама кеңесшісі ретінде шақыртса неге келмеске? Мен бұған дейін «Мәскеу маған спорттық атақтың бәрін берді. Бірақ туған Отаным — Қазақ еліне деген махаббатымды жеңе алған жоқ» дегенмін. Ол сөздер мен өмірден өткенше солай болып қалады. Сол себепті әкемнің туған жері, менің туған жерім, отаныма оралу менің өмірдегі - басты арманым.

Сұхбатыңызға рахмет! Сізге зор денсаулық тілейміз! 

 

 

  

 

 

  

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или