русский язык
Бокс

Головкиннің алдағы қарсыласы туралы не білеміз

Головкиннің алдағы қарсыласы туралы не білеміз
news-banner7
mobile-news-top

Бесінші мамыр күні жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) өзінің кезекті жекпе-жегін өткізеді.

Әуелде қазақстандық босшы Сауль Альвареспен екінші жекпе-жек өткізу керек болған. Алайда, мексикалық боксшы допинг сынамадан өте алмай кездесуге шығудан бас тартты.

Қазақстандық боксшы бесінші мамыр күні Альвареспен болсын өзгемен болсын кездесу өткізетіндігін жеткізген. Үміткерлер қатарында біраз белді боксшылардың болғаны да белгілі. Таңдау Ванес Мартиросянға (36-3-1, 21 КО) түсіпті.

Ванес Мартиросян Арменияда туғанымен төрт жасында Америкаға ата-анасымен қоныс аударған. Бокстағы алғашқы қадамын да Америка жерінде бастаған. Бокс Ванестің қанында бар көрінеді. Оның әкесі де кезінде таңдаулы боксшылар қатарында болған екен.

Әуесқой бокста жүріп бірнеше белесті бағындырған. АҚШ құрамасы қатарында белді турнирлерде бағы жанып, 2004 жылғы Афина Олимпиадасына жолы түскен. Осылайша Ванес Мартиросян АҚШ құрамасы атынан Олимпиада ойындарына барған алғашқы армениялық атанды. Афина Олимпиадасында Мартиросян алғашқы кездесуінде алжирлік боксшыны жеңгенімен екінші жекпе-жекте кубалық спортшыға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Жиырма жасында Ванес Мартиросян кәсіпқой боксқа ауысуды жөн санайды.
Армения елінің тумасының кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамы сәтті болды. Бастапқы кездесулерінің бәрінде жеңіске жетіп жүрді. Жалпы кәсіпқой бокста қырық кездесу өткізіп оның отыз алтысында жеңіске жеткен. Үшеуінде ұтылып бір жекпе-жек тең есеппен аяқталған.

Өзінің соңғы кездесуінде кубалық Элисланди Лараға есе жіберген. Ларадан өзге өзінің отандастары Деметриус Андраде мен Джермелл Чарлодан жеңілген.

Ванес Мартиросян соңғы жекпе-жегін осыдан екі жыл бұрын өткізіпті. Қазір боксшының бабын дөп басып айту қиын. Қалай болған күннің өзінде бесінші мамыр күні Ванес Мартиросян Головкинге айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, кезекті «құрбанына» айналуы мүмкін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;