Ой қорыту

Карлостың кемшілігі неде?

Карлостың кемшілігі неде?
news-banner7
mobile-news-top

Кеше «Қайраттың» бапкері Карлос Алос Феррер «Атыраумен» (2:0) болған ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қызметінен кетуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

«Біздің жасап жатқан жұмыс команда басшылығының көңілінен шықпайды. Ертең Қайрат Боранбаевпен кездесіп бар мәселені шешеміз. Болашағымыз жайлы ойланамыз», - деген бойда тілшілердің сұрағын күтпей, бөлмені босатты. Ойын жайлы бапкердің «ойын» білгісі келген журналистер аң-таң. Әрине, мұндайды күтпеген болатын. Бірден биылғы маусымда бірінші болып қызметінен кетуі мүмкін бапкер жайлы гу-гу әңгіме кетті. Тіпті, бұл жайлы алматылық ұжымның ойыншылары да білмейтін болып шықты. Олар да тілшілерден бірінші рет естіп тұрмыз, мұндайды күтпедік деп ағынан жарылды. Бапкері тұрақтамайтын болған «Қайрат» тағы тізгінінді өзгеге ұстата ма?

Испан бапкері өткен маусымның орта тұсында келді. Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін Кахабер Цхададзе орнын босатқан болатын. Алматылық клубтың президенті Қайрат Боранбаев ендігі «Қайраттың» жаңа бағытта дамитынын, тек жалынды жастарға үміт артатынын мәлімдеді. Сөйтті де жастарды жаттықтырып үйренген Карлос Феррерді шақырды. «Барселонаның» құрылымында болып келген Карлос «Қайрат» секілді «чемпиондыққа» таласатынын команданы жаттықтырып көрмеген. Жанкүйерлер әу баста бұл шешімді құп көрмеді. Испан маманы «чемпиондық тәжді» армандаған жанкүйердің көңіліне медеу бола алған жоқ. Осыған дейін бірде-бір кәсіпқой клубты жаттықтырмаған бапкер «Қайратты» қалайша жеңіс тұғырына шығаратынын түсіне алмады. Оның үстіне сенбеді де. Дегенмен Карлос бірден «жеңіле» салатындардың қатарынан емес екенін көрсетті. Испаниялық бапкер қол астында алматылықтар ел біріншілігінде 13 ойын өткізіп, тек біреуінде тең түскен. Қалған кездесуде шашауынан шаң шығарған емес. Басты бәскелес «Астанаға» есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Бірақ та, әдеттегінше маусым соңында «Атырауды» жеңіп, Кубокты иемденді. Осылайша, Карлос Феррер клуб басшылығының да, жанкүйерлердің де көңілінде «алдамшы» сезіп оятып, келер маусымнан үміт көп екенін меңзегендей болды.

Қысқы маусымаралық үзілісте Түркияда дайындықтарын пысықтады. Үш бірдей жиын өткізді. Командадан кеткен негізгі құрамның бірнеше белді ойыншыларының орнын толықтырды. Биылғы жылы «халық командасының» жанкүйерлерінің чемпиондыққа үміті зор болды. Соңғы үш жылғы сәтсіздік аяқталып, команданың жарқын болашағы басталатынына сенді. Көктемнің шуақты күні келе салысымен еліміздің үздік екі командасының жолы жасыл алаңда түйісті. Тізгінді енді ұстаған Бабаянның командасы алаңда Карлос Феррердің шәкірттеріне «қалай ойнау» керегін көрсетті. Қақпаға соғылған жауапсыз үш доппен жанкүйерлердің чемпиондыққа деген үмітінің күл-паршасы шықты. «Астана» биылғы жылы да қарсыластарын аяусыз жеңіп, төртінші «тәжін» иемденетініне көз жетті. Жанкүйерлер маусым басталмай жатып-ақ «чемпиондықтан» айырылғанын сезді. Мұны клуб басшылығы да түсінгендей. Ел біріншілігінің алғашқы екі ойынында жеңіске жеткен Карлос Феррердің болашағы бұлыңғыр. Бүгін, 19-шы наурыз күні испан бапкерінің тағдыры шешілмек. Дәлірек айтқанда, Қайрат Боранбаев Карлос Феррердің болашағына қатысты бір шешімін шығарады.

Сонымен, «Барселонаның» жүйесінде болған бапкердің Алматыда неліктен бағы ашылмай келеді? Себебін төменде тізіп өттік.

Тәжірибесіздік

Испан бапкері тәжірибесінің аз екенін жасырған емес. «Қайраттың» басшылығы Карлосты қызметке аларда мұны ескергені анық. Уақыт өте жас жаттықтырушы біздің чемпионатқа бой үйретіп, тәжірибе жинақтайды деген үміт болды. Алайда жарты жылдан астам уақытта Карлос Феррер тәжірибе жинақтады деп айта алмаймыз. Түсініксіз... Жоқ, біз испан бапкерінің біліктілігін жоққа шығарып отырғанымыз жоқ. Тек дәл осы тәжірибе деп аталатын фактордың Карлосқа ауадай қажет екенін түсіндіргіміз келеді. Болашақта Феррерден чемпиондыққа алып келетіндей дәрежедегі бапкер шығуы бек мүмкін. Бірақ дәл қазіргі сәтте бұл шындыққа жанаспайтын «түс» секілді.

Тактикалық тұрғыдағы қателік

«Қайрат» Карлосты жастармен жаттықтырып үйренгенін жақсы біледі. Клубтың жаңа бағдарламасы бойынша жастардан нағыз футболшыны тәрбиелеп шығаратын бапкер іздеді. Феррер келгелі «Қайраттың» академиясынан шыққан көптеген футболшылар негізгі құраммен ойнауға мүмкіндік алды. Кейбіреуі алаңға да шығып үлгерді. Тіпті, командасының сапында алғашқы ойынын өткізген Нұрәлі Әліп бірден Ұлттық құрамаға шақырту алды. Бұл жағынан бәрі керемет. Бірақ жастарға үміт артқан Карлос негізгі құрамнан тәжірибелі футболшыларға орын таппады. Қорғаныста ойнайтын Гафуржан Сүйімбаевтың неліктен алаңға шықпай жүргені белгісіз. Тік мінезді Жуков қосалқы құрамның өзіне әрең ілініп жүр. Команданың моторы - Баториктің екінші таймда ойынға қосылып жүргенін жанкүйер қауым тіпті түсіне алмады. Алаңда ойқастап жүретін Исаэлдің де жағдайы мәз емес.

Жеңімпаз психологиясы

Бұл тұрғыда Қазақстанда Станимир Стоиловқа тең келер ешкім жоқ шығар. Мінезді бапкер ойыншылардың психологиясын жақсы түсінеді. Стоилов ойыншыларын кез келген матчқа жігерлендіріп, көздеріндегі «отты» жағып, алаңға тек жеңіс үшін шығарады. Сол себепті «Астана» кез келген ойында жанын беріп арпалысып, нағыз ерлерге тән күреседі. Әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде өнер көрсетіп, ел намысын еуродада қорғап жүр. Ал «Қайраттың» ойыншылары «Астананың» «көлеңкесі» болуға бой үйретіп қалғандай. Жеңіске деген құлшынысты футболшылардың бойынан көре алмайсың. Вайсстан кейін келген бапкерлер «жеңімпаздың психологиясын» ойыншыларға сіңдіре алмады. Феррер де қолынан келмеді.

Карлос «Қайрат» іздеген бапкер емес

Карлос «Қайрат» іздеген бапкер емес. Қанша жерден испан бапкерін ақтағанмен, барлық сәтсіздікті уақыт пен тәжірибенің аздығына сілтегенмен, Карлос Феррер «Қайраттан» чемпион жасай алмайды. Команда жұмысының мақсатын айқын түсініп, шын жақсы көрген бапкер ғана «Қайратты» жеңіс тұғырына шығарады. Футболшылар бапкері үшін алаңда жанын салып ойнайтын, жанкүйерлері қанша сәтсіздікке ұшыраса да соңына дейін сеніп, үміт артатын, қажет жерде қол ұшын беріп қолдайтын бапкер қажет. Ал бұл Карлос емес...

Ой қорытқан Айбар РЫСДАУЛЕТ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер