русский язык
Күрес

Жас татами шеберлері Әлем чемпионатына барады

Жас татами шеберлері Әлем чемпионатына барады

 23-27 қазан аралығында Словенияның Любляна қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Төрткүл дүниенің дарынды балуандары бас қосқан жарыста Қазақстан құрамасы да өнер көрсетеді.

Біздің өрендер аталмыш бәсекеде қос медаль алуды көздеп отыр. Қазақстан құрамасының аға бапкері Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, команда сапында жүлде алуға күш-жігері жететін жігіттер жетерлік. Словенияға сапар шеккелі отырғандардың барлығы да ел біріншілігінде топ жарып, Еуропа кубогы жолындағы жарыста жеңіс тұғырына көтерілген тастүлектер. Араларында өзге де ірі жарыстарда атой салғандар да бар. Олар – Асылжан Сейдуалы мен Жақсылық Мұсырманов (55 келі), Мерлан Баймұхамбетов (60 келі), Дәурен Алдыназаров (66 келі), Қайрат Ағыбаев (73 келі), Әзиз Қалқаманұлы (81 келі) және Саламат Есен (90 келі). Сондай-ақ тағы екі салмақ дәрежесі бойынша кімдердің күш сынасатыны әлі анық­талған жоқ. Мә­селен, 100 келі салмақта Айбек Серікбаев пен Әділхан Қозыбаев сынды мықтылар бар. Екеуі де елішілік жа­рыстар мен халықаралық турнирлерде жақсы күресіп жүр. Десек те, таңдау олар­дың біреуіне түседі. Сол секілді аса ауыр салмақта да қос балуанның біріне сенім артуға тура келіп тұр. Олар – Еламан Ерғалиев пен Дәурен Нұралинов. Биылғы Қазақ­стан чемпионатының ақтық сынында осы дзюдошылар өзара шеберлік байқасқан болатын. Сол кезде Дәурен жеңіске жетті. Алайда шет мемлекеттерде өтетін жарыстарда ол өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Ал Еламан биыл Ресей мен Австрияда ұйымдастырылған турнирлерде жүл­дегерлер санатына қосылды. Бұл күндері жас дзюдошылар Тараз қаласында өздерінің кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бапкерлер мен балуандардың айтуынша, ол жақта команданың еш алаңсыз даярлануына барынша жағдай жасалып отыр. Енді бір аптадан кейін отандастарымыз Словенияға сапар шегеді.


2011 жылғы әлем біріншілігі Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен. Сол жарысты Қазақстан құрамасы 2 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады. Серіктай Зәкетаев пен Әзиз Қалқаманұлы ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ұтылса, Елдос Сметов үшінші орынға табан тіреді. Биыл жас дзюдошылар кемінде сол межеден көрінуді жоспарлап отыр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;