Дәурен Тұрсағұлов: Бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінсек дейміз
Футзалдан Қазақстан құрамасы мен «Жетісу» клубының шабуылшысы Дәурен Тұрсағұлов Prosports.kz тілшісіне Еуропа чемпионатына дайындық жайлы айтып берді.
- Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына дайындығы қалай?
- Дайындық өте жақсы болды. Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, артынша Киевте Украина құрамасымен жолдастық матч өткіздік. Бұл Еуропа чемпионаты алдында үлкен дайындық болды.
- Жеке өзіңіз, Еуропа чемпионатынан не күтесіз? Алғашқы ірі турниріңіз. Қобалжу бар ма?
- Мұндай ірі турнирлерде жүлде алып, үздіктер қатарынан көріну – арман. Еуропа чемпионаты әлемдегі ең ірі турнирлердің бірі. Құрлықтың кіл мықтылары жиналған. Алғашқы ірі жарысым болғандықтан сәл қобалжу бар.
- Қазақстан құрамасы екі жыл бұрынғы тарихи нәтижені қайталай ала ма?
- Әрине, тырысамыз. Екі жыл бұрынғы нәтижені қайталауға барымызды саламыз. Бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінсек дейміз. Дегенмен ең бірінші мақсатымыз топтан аман-есен шығу.
- Ұлттық құраманың бас бапкері Какау құрама алдына қандай мақсат қойып отыр?
- Бас бапкер алдымызға қойған ең бірінші мақсаты – топтан шығу. Қалғаны топтан шыққан соң белгілі болады.