Қарағандылық Нұржан Сейдуәлі джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Қарағандылық Нұржан Сейдуәлі джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Қазақпараті.
Қазақстандық спортшылар джиу-джитсу бойынша әлем чемпионатында бір алтын, екі күміс және төрт қола медаль ұтып алды. Жалғыз алтын жүлдені ел құрамасының қоржынына қарағандылық Нұржан Сейдуәлі салды.
Сайыс Богота қаласында (Колумбия) өтті. Оған 36 елден 350 спортшы қатысты. Қарағандылық джиу-джитсу мектебінің тәлімгері Нұржан Сейдуәлі 56 килограммға дейінгі салмақта бас сынасты.
Жерлесіміз үш рет жекпе-жекке шыққан. Біріншісінде ол канадалық қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Нұржан Израильден келген спортшымен белдесіп, қылқындыру әдісі арқылы тізе бүктірді. Ақтық сайыста ол Бельгиядан келген қарсыласын да сан соқтырды.
Қазақстан Әлем чемпионатында жалпыкомандалық үшінші орынды иеленді.