Футбол

Самат Отарбаев: «Керек емессің» дегенше ойнауға дайынмын

Самат Отарбаев: «Керек емессің» дегенше ойнауға дайынмын
news-banner7
mobile-news-top

«Ақтөбенің» қақпашысы Самат Отарбаев Prosports.kz тілшісіне берген сұқбатында қызықты оқиғалары туралы айтып, хоббиі жайлы баяндады.

Сұқбаттың 1-ші бөлімі - Самат Отарбаев: «Ақтөбенің» жанкүйерлері мені сатқын деді

- Біздің құрама жүз пайызға ішкі чемпионаттан жиналған ойыншылар. Неге ешкім шетелге кеткісі келмейді?

- Басқаларын білмеймін. Маған мұндай ой келмеген. Ал қазір шетелдік чемпионатқа ауысқым келеді. Австрия, Эстония, Литва... Көп қой елдер. Шетелге ауысып, өзімді сынап көрсем деймін. Егер ұсыныс түссе, қарастырамын, әрине. Қазақстанда маған «Ақтөбе» мен «Ордабасының» ғана есігі ашық сияқты көрінеді. Мұндағы мақсат, біріншіден, өзімді сынау. Екіншіден, шетелде ойнасам, БАҚ-тың назары түседі. Болгарияда жүрген Еркебұлан Нұрғалиевті алайықшы. Әр ойынын бақылап отырады.

- Егер «Ордабасы» мен «Ақтөбе» бір уақытта ұсыныс жасаса, қайсысын таңдар едіңіз?

- Дәл қазір «Ақтөбені» таңдаймын. Себебі «Ақтөбені» осындай жағдайға жеткіздім, енді осыдан өзім алып шыққым келеді. «Ордабасыға» қалай барамын? Бір команданы балшыққа тастап, еурокубокқа өткен клубқа ауысты дейді. Сондықтан, ұсыныс болса, «Ақтөбеде» қалғым келеді. Оның үстіне, бұл жақтың жанкүйерлері ұнайды. Мені Шымкентте бұлай танымайтын шығар. Ақтөбеде мен түгілі, баламды жақсы таниды (күлді). Қимаймын, шынымды айтсам.

- Менің білуімше, ойын формасын біреуге беруге, жоғалтуға болмайды. Рас па?

- Иә, жейде тегін келіп жатқан жоқ. Бюджет қаржысына алынады. Әр маусымда ақ және қызыл түстерден екі жейде беріледі. Тур сайын жейдеңді тазартады. Сөйтіп, оның тозығы жетіп маусым соңында бір-ақ жейде қалады. Оны клубқа қайтарып береміз. Өйткені, маусым алдында жиын бар, жолдастық матчтар бар. Егер екі жейдең сақталса, біреуін сыйлауға болады. Қазақстанда бәрі сондай. Көбі ренжіп жатады. Былтыр сондай жағдай болған. Командада алғаш рет ойнап жүрмін, танымал бола бастадым. Жейде сұрағанның бәріне «жарайды» деп айта бергем, Сөйтсем, көп адамға жейде сыйлауға уәде етіппін. Амал жоқ, фан-шопқа барып сатып алдым. Жеті-сегізіне есімімді жаздырып, табыстадым.

- Әріптестеріңізді қалай атайсыздар? Лақап аттары бар ма?

- Көбіне ойыншылардың есімін немесе фамилиясын қысқарта саламыз. Шимкович – Шима, Шестаков – Шест, мысалы. Сидельниковты мен «Сид» деймін, бірі «Саид» не «Сидела» дейді. Кейбіреулер Сидельников екеуіміздің тегіміз ұқсас деп жатады. Сидельниковтың қазақша аудармасы «отыруға» жақын ғой, Отарбаев та «отыруға» келеді (күліп). Бағдат Қайыров – Бага, Асланбек Кәкімов – Гама, Гамис. Екеуі егіз құсап, бірге жүреді. Мен екеуін «Багама» деп атаймын. Кейде Зеньковичтің атын ұмытып қалам. Себебі біз оны «Зеня» деп атап кеттік.

- Сапар кезінде түрлі қызықтар болатын шығар...

- Былтыр бір қызық оқиға болған. Көкшетауда «Оқжетпеспен» ойнауымыз керек еді. Алдымен Астанаға ұшып барып, сол жақтан автобус жалдап, Көкшетауға жеттік. Матч алдында жейдемізді киіп алып, дене қыздырып жатқанбыз. Бірақ жаңбыр жауып, ойын болмай қалды. Матчты келесі күнге Астанаға ауыстырып тастапты. Клуб әкімшілігі бізді Көкшетауға алып келген автобус жүргізушісіне хабарласты: «Дайындал, Астанаға қайтамыз» деді. Жүргізуші «неге бірден қайтамыз?» деп сасып қалды. Бізді қонақүйден алып кетуі керек еді. Кішкентай Көкшетаудың ішінде адасып жүр. Сөйтіп, не керек, Астанаға аттандық. Көкшетаудан шығып кеткен соң МАИ қызметкерлері тоқтатты. Жүргізушіміз «құжаттарды тексеріп жатыр» деді де, түсіп кеткен. Жоқ болып кетті. Сөйтсек, жүргізушіміз ішімдік ішіп алған екен. Енді не істейміз? Екі сағат отырдық автобустың ішінде. Жүргізушімізді қамап тастады. Сөйтіп, Астанаға хабарласып, сол жақтан екі шағын автобус жіберді. Қалаға таңғы төрттерде жеттік. Жанкүйерлеріміз де Көкшетауға келген еді. Олар да Астанаға барып, бір бөлмеде қырық адам болып жатқан. Бірақ бұл қызыққа қарамастан, Астанада «Оқжетпесті» 3:0-мен жеңіп қайттық. Физикалық дайындық бапкері австриялық Вольфганг Штребл болатын. Ол «Қалай ішіп алып, рөлге отыруға болады?» деп таңқалып жүр. Еуропада мұндай сұмдық боп саналады ғой.

- Футболдан тыс уақытта немен айналысасыз? Хоббиіңіз бар ма?

- Қазір жаңа хобби пайда болды. Кітап оқып жүрмін. Бұрын кітап оқуды, сабақты жақтырмайтынмын. Бірақ үйде оқи алмаймын. Бала-шағам бар, оқытпайды. Базада, ұшақта оқимын көбіне. Одан бөлек, отбасыммен серуендеп тұрамын. Кейде жұрттар танып қалады, солармен сөйлесіп кетесің (күліп). Кейде келіншегім «Енді сенімен шықпаймын, жанкүйерлерің шаршатып жібереді» дейді. Бос уақытым солай өтеді.

- Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

- Мен енді көп кітап оқи қойған жоқпын. «Шантарам» мен оның екінші бөлімі «Тау көлеңкесі». Екеуі де үлкен-үлкен томдар. Бастап едім, қызық болып кетті. Кейін қазақ болғасын «Абай жолын» оқуым керек деген ой келді. Қазір бітіріп қалдым.

- «Ақтөбенің» жанкүйерлеріне тоқталып өтсеңіз.

- Сұмдық жанкүйерлер ғой олар (күліп). Бұрын Ақтөбеге «Ордабасымен» келгенде стадиондағы эмоцияға, атмосфераға қызығатынмын. Қазір бұл жерден кеткім келмейді. Мұнда әр ойынды күтемін, матч күні қуанамын. Себебі әр матч – той. 13-сектор, жанкүйерлер, стадион лық толы. Басқа қалалардың адамдары ренжімесін, бірақ Қазақстанда мұндай жанкүйерлер жоқ шығар. Біз Бірінші лигаға ұшып кетейін деп тұрғанда да, қолдау көрсетті. Бірақ кей матчтарда «Бірінші лига, біз келе жатырмыз» деп әндеткен кездері де болды. 13-сектордың бұл перфомансына ренжідік, шынын айтқанда. Ал олар «Несіне ренжисіңдер, бұл шоу ғой. Сендер Бірінші лигаға түссеңдер, біз де арттарыңнан барамыз. «Мақтааралмен» ойнасаңдар да, стадионда отырамыз. Тек сендер жандарыңды сала ойнаңдаршы» дейді. Нағыз жанкүйерлер. Олар айтатын кезде бетіңе басып айтып тастайды. «Сендер келесіңдер, ақшаларыңды аласыңдар да, кетесіңдер» дейді. Мүмкін, солай шығар көбі. Мен туралы да солай ойлайтын шығар. Бірақ мен «Ақтөбеде» өзімнің бір бөлшегімді қалдырып кеткім келеді. Арманым – «Ақтөбемен» чемпион болу.

- Демек, «Ақтөбеге» керек емессің» дегенше ойнай беруге дайынсыз ғой?

- Дайынмын. Бірақ кім біледі? Владимир Мұханов қала ма, қалғанның өзінде, ол мені керек қыла ма? Келіншегім де «Ақтөбеде» қал» дейді. Ол да футбол көргісі келеді. Оның үстіне, бізде медиа-аймақ жақсы дамыған. Менің байқағаным, басқа командалардағы достарым әлеуметтік желілерге «Ақтөбенің» баспасөз-қызметі түсірген суреттерді қояды. Мардан Төлебек, Ғафуржан Сүйімбаев – сыныптастарым. Олар да бізбен ойнағандағы суреттерін жариялайды. Мұндай жерден қалай кетесің енді? Премьер-лига чемпионы – «Астана». Жанкүйерлері қандай? «Қайраттың» медиа-аймағы да жаман емес. Бірақ біздікіне жете алмайды. Жанкүйерлерімізге мың алғыс. Қолдауы мықты, бірақ сынағанда да өлтіреді (күліп).

- Сынға қалай қарайсыз?

- Сын болмаса, өзіңнің мініңді түзей алмайсың ғой. Сын болу керек. «Самат, қақпадан шығып кете береді» деп сынайды мені. Былтыр клубтың қақпашылар бапкері «Әр қақпашының жақсы және жаман тұстары болады. Сен алға шықпайтын кезде шығып кетесің. Бірақ бұл жақсы тұсың. Себебі 90-минутта алға шығып, жоғарыда ойнап келу бәріне беріле бермейді» дейтін. Ол енді мақтанғаным емес. Бірақ минустарым көп. Мені кәсіпқой деңгейде жұмыс істемеген дейді. Мені Шымкентте Олег Воскобойников баптады. Футболға бейімдеген сол. «Ақтөбеге» ауысардың алдында да маған сол кісі кеңес берді. Айтпақшы, «Ақтөбеге» ауысу мүмкіндігі туғанда Қайрат Әшірбеков «Самат, Ақтөбеге бар. Сені адам қылатын сол жер» деді. Кеңес берген осындай адамдарға рақмет.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Есет Төлеш

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
Сэм, жарайсың! Тек алға! #АқтөбеМәңгілік
Жауап беру