«Астана Арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шықты

«Астана Арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шықты

Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалындағы Lionhearts - Astana Arlans арасындағы екінші кездесуде де қазақстандық команда жеңіске жетті.

Лондонда өткен бокс кешінің шаршы алаңына шыққан бес қазақстандықтың төртеуі жеңіске жетті.

Алдымен Олжас Сәттібев Ниалл Дин Фаррелден басым болды.

Екінші болып рингке көтерілген Закир Сафиуллин Чед Милнспен болған кездесуде қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Закирдің жеңісінен соң қалған үш кездесудің қортындысына қарамай қазақстандық команда финалға шыққаны белгілі болған. Себебі апта бұрын Қостанайда өткен жартылай финалдың алғашқы кездесуінде «Арландар» қарсыласынан 4-1 есебімен басым түскен болатын.

Лондон төріндегі үшінші жекпе-жек те қазақ ұланының жеңісімен аяқталды. «Астана Арландары» намысын абыроймен қорғап жүрген Асланбек Шымбергенов ел намысы сынға түскен сәтте сырағылық танытты. Оған қарсы шыққан Кумар Манодж қазақстандыққа еш айла көрсете алмады.

Өкінішке қарай 81 келіге дейінгі салмақтағы отандасымыз Арман Рысбек қарсыласы Томас Уиттакер-Хартқа есе жіберіп қойды.

Соңғы кездесуде Нұрсұлтан Аманжолов та британиялық спортшыдан жеңіліп қалды.

Дегенмен қос кездесудің қорытындысы бойынша «Астана Арландары» 7:3 есебімен жеңіске жетті. Ендігі жерде қазақстандық команда алаңсыз финалдық кездесуге дайындалатын болады.

Қазақстандық команданың финалдағы қарсыласы «Куба Домадорес» және «Колумбия Хероикос» кездесуінің жеңімпазы болады. Бұл кездесу ертең түнде өтеді. Аталған жұптың алғашқы кездесуінде колумбиялық команда 3-2 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Әзірге финалдық кездесудің қай елде өтетіні белгісіз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или