Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадада өнер көрсетпейтін болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚБФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Боксшы 8-10 сәуір аралығында Астанада өтетін іріктеу турниріне қатыспайды.
«Қазақстан бокс федерациясы 8-10 сәуір күндері Астанада өтетін Әлемдік лицензиялық турнирге іріктеу ретінде ұйымдастырылатын спаррингтік кездесулерге қатысу үшін боксшы Ангелина Лукасқа шақырту жіберді.
Алайда Ангелина Лукас кәсіпқой бокстағы соңғы рейтингтік жекпе-жегін 30 наурызда Таиландта өткізгендіктен және 20 сәуірге тағы бір чемпиондық жекпе-жегі жоспарланып тұрғандықтан өткен айқастан кейін тынығып, алдағы жұдырықтасуына дайындалу қажет болады.
Сондықтан, Ангелина Лукас Астанада өтетін іріктеу спаррингтеріне қатыса алмайтындығы белгілі болды.
Өз тарапымыздан боксшыны өткен жекпе-жектегі жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы айқасына сәттілік тілейміз!», - делінген федерация хабарламасында.
Комментарии