Жартылай орта салмақта өнер көрсететін UFC файтері Шавкат Рахмонов 2011 жылы азаматтығын ауыстырғаны туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Өзбекстанның Сурхандария облысында дүниеге келдім. Ол жердің климаты өте ыстық: жазда 45–55 градус. Көшеде жүру өте қиын. 2011 жылы Қазақстанға көшіп келдім, ұлтым қазақ болғандықтан еш қиындықсыз төлқұжат алып, бірден ел чемпионаттарына қатыса бастадым», - деді Шавкат «Друг Шаекина» подкастында.

Айта кетейік, Шавкат Рахмоновтың аралас жекпе-жектегі рекорды — 18-0. Қазір жартылай орта салмақтағы UFC рейтингінде үшінші орында тұр. Ол бұған дейінгі жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда UFC 296 турнирінде өткізді, онда Стивен Томпсонды екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді.