Хоккейден жастар арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының ықтимал қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін, 6 қаңтарда жастар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионаты финалында АҚШ құрамасы Швецияны 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Турнир аяқталғаннан кейін алдағы 2025 жылғы әлем чемпионатындағы топтардың ықтимал құрамы белгілі болды. Топтардың құрамы ИИХФ рейтингі бойынша жасалмайды. Онда соңғы әлем чемпионатында құрамалардың орналасу деңгейі бойынша топтарға бөлу көзделген.

Қазақстан жастар құрамасы В тобында Швеция, Чехия, Словакия және Швейцария құрамалары ойнауы мүмкін.

Ал А тобында АҚШ, Финляндия, Канада, Латвия, Германия ойнайды деген болжам бар.

Жастар арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионаты 2024 жылғы 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 5 қаңтары аралығында Канада астанасы Оттава қаласында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

В тобындағы ойындар «Оттава 67» стадионында болса, А тобындағы құрамалар «Оттавы Сенаторз» аренасында өтеді.

Еске салсақ, 2023 жылдың ақпан айында шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы топ-дивизионында бақ сынауға мүмкіндік алды.