Қазақстандық белгілі спортшы Жібек Құлымбетова Ташкентте күреспестен грэпплингтен Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ж.Құлымбетованың өзі инстаграмдағы парақшасында жазғандай, бұл біріншілікте оған қарсылас бұйырмаған.

Астана қаласында джиу-джитсудан әлем чемпионатында төрт кездесу өткізіп, жеңімпаз атанған ол арада бірнеше күн өткенде Дубайдағы халықаралық жарыста үздік шықты.

«Дубайдағы додадан кейін елге оралып, аздаған демалыс аламын деп ойлаған едім. Алайда мені тағы бір үлкен жарыс күтіп тұр екен. Өзбекстанның астанасы Ташкентте грэпплинг AIGA күресінен Азия чемпионаты өтетінін естідім. Содан кейін демалысты екінші орынға қойып, ел намысын қорғау үшін ойланбастан «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының мүшелерімен бірге барып, Азия чемпионатына қатысамын деп шешім қабылдадым. Жарысқа 16-17 жас аралығындағылар арасында 48 кг салмақ дәрежесіне тіркелдім. Екі қарсыласым бар еді, неге екені белгісіз, олар аяқ асты бәсекеге қатысудан бас тартты. Бірақ алыс жерден келген соң бос кетпеу үшін ересектер арасында бақ сынап көрейін дедім. Мұнда менің 4 қарсыласым болған еді. Бірақ олар да санаулы уақыт қалғанда, басқа салмақ дәрежесіне ауысып, тағы да қарсылассыз қалдым. Сөйтіп, күреспей-ақ Ташкент қаласында өтіп жатқан грэпплинг AIGA күресінен ересектер арасында Азия чемпионы атандым. Енді керемет көңіл-күймен елге оралып, міндетті түрде кішігірім демалыс жасаймын. Себебі ағзаны демалдыруымыз керек. Содан кейін жаттығу залына оралып, келесі додаларға дайындықты бастайтын боламын», - деп жазды Ж.Құлымбетова.

Жібек Құлымбетова жақында Дубайда өткен джиу-джитсудан «AJP Tour Asia Continental Jiu-jitsu championship 2023 - Professional» халықаралық турнирінде екі алтын жеңіп алды, тамыз айында Астанада өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, жеті дүркін әлем чемпионы атанды.

Азия чемпионатына Жібектен бөлек тағы бірнеше қазақстандық спортшы қатысты. Олардың бәрі Алматы облысынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының атынан өнер көрсетті. Спортшылар 16 алтын, 9 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында грэпплингтен UWW әлем чемпионы Самат Айтпанбет те бар.