Мәнерлеп сырғанаудан Ресей чемпионы Алина Горбачева жанкүйерлер мен құқыққорғаушыларды әбігерге салды. Спортшы бапкерімен ренжісіп, кейін жаттығудан кетіп қалған, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Алина Горбачева 28 тамыз күні кешке жаттығу залынан шығып, саябаққа кірген. Кейін ешбір бейнекамера оның саябақтан шыққан сәтін көрсеткен жоқ.

Осыдан соң қатты алаңдаған спортшының анасы мен бапкері полицейлерге хабар береді. Алинаны сол маңдағы су астынан сүңгуірлер іздеп, полиция «Адам өлімі» туралы баппен іс қозғап та үлгерді.

Танымал спортшылар мен еріктілер де Алинаны іздеуге кіріседі. Кейін Алинаның қаладағы кафелердің бірінен шыққан сәті бейнекамераға ілігіп, полиция спортшының тұрған жерін анықтады. Ол кеше кешкісін Мәскеудегі кинотеатрлардың бірінен табылды.

Белгілі болғандай, Горбачева өзінің жеке бапкерімен сөзше келіп, осындай қадамға барған. Ол 9 жасынан бері бапкері Софья Федченкомен бірге тұрады.