Атыраулық жас шахматшы Зарина Нұрғалиева кезекті рет ел чемпионы атанды. Енді ол әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласында шахматтан 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында ел чемпионаты мәреге жетті.

Ел чемпионатын Қазақстан шахмат федерациясы мен Ғ.Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясы ұйымдастырды.

Бұл біріншілік Атырауда үшінші рет өтіп отыр.

«Шаршы тақта үстіндегі бәсекеге еліміздің 15 өңірінен 80 шахматшы қатысты. Аталған додада әлемнің екі дүркін чемпионы, FIDE спорт шебері, атыраулық Зарина Нұрғалиева шахматтың «блиц» түрі бойынша чемпиондық атаққа ие болды. Енді жас шахматшы Грузия Республикасында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиеваны Атырау облысының шахматтан аға жаттықтырушысы Сабырбай Ғайсин мен FIDE және халықаралық спорт шебері, Азия чемпионы Жәнібек Аманов жаттықтырады.

Ақылдылар ойынының қыр-сырын меңгерген жас шахматшы 2019 жылы Беларусь Республикасында өткен әлем чемпионатында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.

Ал 2021 жылы FIDE ұйымдастырған жылдам шахматтан әлем кубогінде қола жүлдеге ие болған.