Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуде таеквондодан әлем чемпионаты басталды. Биылғы бәсекеге 145 елден 950-ден астам таңдаулы спортшы жиналды. Олар алғашқы жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін екі салмақта сынға түсіп жатыр. Ұлттық құрама спортшылары – Эльдар Бірімбай (68 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) жарысты 2-айналымда аяқтады.

Мария 1-айналымда чехиялық Хана Флегрованы сенімді ұтқан. Осыдан кейін тартысты жекпе-жекте тәжірибелі бразилиялық Мария Клара Лимаға жол берді. 17 жастағы отандасымыз Ұлттық құрама сапына биыл қосылды. Былтыр жастар арасындағы Азия және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Биыл рейтингтік турнир – Словения ашық чемпионатында топ жарған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысы.

Эльдар Бакудегі алғашқы жекпе-жегінде габондық Амар Мұсаны айқын басымдықпен жеңді (2:0). Алайда келесі кезеңде Париж Гран-приінің жеңімпазы, әлем рейтингінде 5-орында тұрған испаниялық Хавьер Перез Полоның мықты екенін мойындады.

«Осымен екінші рет әлем чемпионатына қатысып тұрмын. Манчестерде (2019 жылғы – ред) ширек финалда ұтылғанмын. Осы жолы жүлде аламын деп келдім. Дайындығым жақсы болды. Тек жекпе-жектерде бар білгенімді көрсете алмадым. Бар қателік өзімнен кетті»,-деп айтты жекпе-жектен кейін Эльдар Бірімбай.