«Қайраттың» қақпашысы клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 9-туры аясындағы «Ақтөбеге» (2:1) қарсы ойын туралы пікір білдірді.

– Данил, маңызды жеңістерің құтты болсын! Ойын туралы айта кетсең.– Құттықтағаныңа рақмет! Мінез бен табандылық танытып, соңғы ысқырық естілгенше дейін күрестік. Бұл жеңісті досымыз әрі клубтасымыз Арсен Буранчиевке арнаймыз. Ол үшін бәріміз алаңдаймыз және оның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз!

– Бапкерлер штабы үзілісте не деді?– Бапкерлер штабы бізді жігерлендіріп, «Ақтөбені» жеңе алатынымызды айтты. Бірінші болып жіберіп алған кезде де, мен жеңетінімізге сендім.

– Сендер чемпионатта алғаш рет осындай атмосферада ойнадыңдар. Бұл алаңда қалай сезілді?– Стадионды толтырып, матч бойы бізді қолдаған жанкүйерлерімізге рақмет. Атмосфера керемет болды! Мұндай қолдау бізді тек алға жетеледі.