Елордада бір айға жуық жалғасқан шахматтан әлем чемпионатының жабылу салтанаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жабылу салтанаты да турнирдің өзіндей жеңіл әрі жинақы өтті. Ел өнерпаздарының ұлттық нақыштағы қойылымдары шараға өзіндік реңк бергендей болды.

Әлем чемпионатының түйінін қойып, қорытындысын жариялау үшін Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Халықаралық шахмат федерациясының басшысы (FIDE) Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сахнаға көтерілді.

Аркадий Дворкович осы турнирде әлем чемпионы атанған қытайлық Дин Лижэнді марапаттар алдында ақтық сайысқа шыққан қос шахматшының иығына шапан жабылды.

photo«Сіздерді осындай игі шарада жолықтырғанымызға қуанып тұрмын. Шахматтан әлем чемпионаты еліміздің бас қаласы Астанада өткенін мақтан тұтамыз. Ақтық сында өте тартысты, қызық ойын көрдік. Әрине, оған дейінгі ойындар да аса тартысты болды. Біздің елде өткен чемпионат тарихи оқиғамен есте қалып жатыр. Өйткені жаңа чемпионның есімі белгілі болды. Дин Лижэнь мырзаны осы үлкен жетістігімен құттықтаймыз. Сондай-ақ, Ян мырзаға болашақта үлкен жеңістер тілеймін», - деді Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде.Ал Тимур Турловтың айтуынша, Қазақстан шахмат федерациясы үшін бұл турнир үлкен тәжірибе болған.

«Біз осы чемпионат аясында 20-дан астам шара өткіздік. Мен барлық ұйымдастырушыларға – FIDE ұжымына, өзіміздің шахмат федерациясындағы әріптестерімізге осынау тамаша оқиғалардың орын алуына үлес қосқандары үшін алғыс айтамын. Біздің Үкімет өкілдеріне, қала билігіне, бізді қолдаған ұйымдарға, достарымыз бен әріптестерімізге көп рахмет. Сіздердің арқаңызда турнир аясында ұйымдастырылған шараларға 200-ден астам бала қатысты. Жалпы кейінгі бірнеше айда, соның ішінде осы чемпионат кезінде елімізге әлемдік деңгейде есімі бар шахматшылар келіп, тәжірибесін бөлісті», - деді Тимур Турлов.