Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Legalbet.kz-ке берген сұхбатында Шавкат Рахмоновтың Джефф Нилмен жекпе-жегі және өзінің UFC-мен келісімшарт жасау мүмкіндігі жайлы айтты, деп жазады Prosports.kz.

«Бәрі жақсы, Шавкатпен бірге АҚШ-тан оралдық. Жекпе-жек сәтті өтті, оны барлығы көрді, бүкіл Қазақстан бұл керемет жеңісті тамашалады. Менің UFC-мен келісімшарт жасау мүмкіндігім жайлы да жаңалық бар, бірақ оны қазірше жарияламаймын. Алдағы уақытта Instagram желісінде хабарлаймын. Қазірше айтуға болмайтын жаңалық бар», - деді Алмабаев.

Ақпан айының ортасында Алмабаевтың UFC ұйымымен келісімшартқа отыру үшін АҚШ-қа кеткені туралы ақпарат тараған болатын.

Айта кетейік, Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен UFC 285 турнирінің негізгі кардында Шавкат Рахмонов америкалық Джефф Нилді жеңді. Осылайша 28 жастағы қазақстандық UFC рейтингінде алтыншы орынға көтерілді.