Аса ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін британиялық Тайсон Фьюри (33-0-1, 24 КО) мен украиналық Александр Усик (20-0, 13 КО) арасындағы жекпе-жек 29 сәуірде өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы ESPN инсайдері Майк Коппинджер хабарлады.

«ESPN-ге дереккөздер Тайсон Фьюри мен Александр Усик 29 сәуірде титулды жекпе-жек өткізуге келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

Усик саудиялықтармен келісті, ендігі кезек Фьюриге келді. Ол келісімге келе алмаса, жекпе-жек Уэмбли стадионында өтеді», — деп жазды Коппинджер әлеуметтік желіде.

Бұған дейін берген сұхбатында Усик Фьюримен тегін жұдырықтасуға дайын екенін айтқан болатын.