Словакияның Трнава қаласында 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы халықаралық жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл сынға 14 жастағы жерлесіміз Заңғар Нұрланұлы да қатысқан еді. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалда жергілікті Даниэл Балашекпен кездесті. Тартысты өткен ойында Заңғар 6:4, 3:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, Заңғар бұндай жетістікке алғаш қол жеткізіп жүр. Ол өткен жылды Tennis Europe рейтингісінде үздік ондықтың ішінде аяқтап, ұзақ уақыт бойы чемпиондық кестеде көш бастаған болатын. Былтыр желтоқсанынан бері Заңғар жоғары санатқа ауысып, қазір ITF Juniors турнирлерінде өнер көрсетіп келеді.