Қазақстандық UFC файтері Сергей Морозов (18-5) «СЭ» басылымына берген сұхбатында ислам дінін неге қабылдағанын түсіндірді, деп жазады Prosports.kz.

— Былтыр желтоқсан айында ислам дінін қабылдадыңыз. Бұл шешімге қалай келдіңіз?

— Бұл қадамға бірден барған жоқпын. Ұзақ жыл ойланып қабылданған шешім. Маңымда жүргендердің бәрі мұсылмандар. Олар да жылдар бойы әсер етті – бірде үлгі көрсетіп, бірде ісімен, бірде сөзімен.

— Ата-анаңыз қалай қабылдады?

— Менің ойымша, бұл оларға оңай болған жоқ, өйткені мен ешкіммен ақылдаспадым, ешкімге арнайы ескертпедім. Барлығы үшін бұл күтпеген қадам болды. Мен православ болғанмын, үнемі шіркеуге баратынмын. Жауапсыз қалған сұрақ көп болды. Исламда қазір Аль-Хамду ли-Ллях, ондай нәрсе жоқ, бәрі өз орнына түсті. Барлығы әлдеқайда түсінікті болды.

— Бұрын қандай сұраққа жауап таппай жүрген едіңіз?

— Кез келген дін — сенімнен тұрады. Бәрі де бір ғана Құдай сенімін ұстанады. Христиан дінінде мен де бірқұдайлық ұстанымдамын, Алладан басқа ешкімге құлшылық етпеймін деп ойладым. Бірақ іс жүзінде олай емес екен. Біреулер бұған таңқалар, біреулер үшін ақиқатты ашуым мүмкін. Исламда Аллаға ғана құлшылық етесің. Құдайды әркім өзінше атайды. Бірақ кез келген дін бір ғана Құдайға сенеді. Исламда толық таухидті таптым. Ислам діні ең алдымен ойлайтындарға арналған.

Кез келген дін, христиандық, иудаизм — бәрінің Кітабын бір Алла түсірген. Бәрі бір ғана Құдайға сенеді. Тек уақыт өте адамдар кей нәрсені бұрмалап, өзінше түзтіп алған. Ал Ислам діні, Аль-Хамду ли-Ллях, Алланың өзі бұл дінді қорғап, құлдарына тек тура жолды нұсқаған. Мұнда бәрін басқаша сезінесіз. Қысқасы, тура жолдасыз...

Айта кетейік, 18 желтоқсанға қараған түні Морозов UFC Vegas 66 турнирінде Джорни Ньюсонмен жұдырықтасады.