Қазақстандық файтер Бекзат Алмахан (13-1) 21 желтоқсанда Алматыдағы OCTAGON 38 турнирінің басты жекпе-жегінде бразилиялық Дженилто Матоспен (10-4) кездеседі.

Prosports.kz тілшісі Бекзатпен сөйлесіп, алдағы жекпе-жегі, Сергей Морозовты жеңуі және UFС-ге ауысу туралы ойын білді,

- 21 желтоқсандағы жекпе-жегіңізге қайда және кіммен дайындалдыңыз?

- Алдағы болатын жекпе-жекке өзіміздің командада - Дәнеш Дүнгенбаев ағайымыздың бастауымен өткізіп жатырмын. Дайындығыма Азат Мақсұм, Абай Жалал, Жасұлан Ерманов көмектесіп жатыр.

- Дамир Төленовтің жарақатына байланысты сіздің жекпе-жегіңіз күтпеген жерден OCTAGON турнирінің орталық кездесуіне айналды. Жаңалықты қалай қабылдадыңыз және кештің басты жекпе-жегі сіз үшін нені білдіреді?

- Иә, өкінішке қарай Дамир жарақат алып қалды. Тез сауығып кетуіне тілектеспін. Басты жекпе-жекке шықсақ та, бірінші жекпе-жекке шықсақ та - барымды саламын.

- Қарсыласыңыз біздің елде мүлде белгісіз Дженилто Матос (10-4) болады. Оның жекпе-жектерінің видеосын көрдіңіз бе және бразилиялық туралы не айта аласыз?

- Қарсыласым туралы айтатын болсам, бір-екі жекпе-жегін қарап, үзінділерін зерттедік. Мықты қарсылас.

- Осы кештің жоғары мәртебесін ескере отырып, әсерлі жекпе-жек көрсетуге ұмтыласыз ба?

- Бұйырса, қызық әрі тартысты жекпе-жек өткізуге дайынмын.

- Жақында сізге промоушннің жеңіл салмақтағы жетекші файтерлерінің бірі Хикматилло Абдулаев жекпе-жекке шақырған болатын. Сіз бұл жекпе-жекті қабылдауға дайынсыз ба?

- Командамызбен алға қойған жоспарымыз бар. Қазіргі таңда бұл жекпе-жек бізге қызық емес. Аса маңызы да жоқ. Егер алдағы уақытта болады деп жатса - дайынмын.

- Карьераңыздағы жалғыз жеңілісті жерлесіңіз Сұлтан Жолдошбектен көрдіңіз. Одан реванш алуға ниет бар ма?

- Иә, қарымта жекпе-жекке шақырған едім. Келіссөз өтпей қалғандықтан жекпе-жек болмайтын болды. Егер ол келісіп жатса мен дайынмын.

- 2018 жылы жекпе-жек турнирінде қазіргі UFC файтері Сергей Морозовты жеңдіңіз. Сол сәт сіздің мансабыңыздағы ең үздік жекпе-жектердің бірі деп ойлайсыз ба?

- 2017 жылы гран-при финалында кездескен едік. Ол жекпе-жекті мансабымдағы ең үздігі деп айта алмаймын. Өйткені ол кезде тәжірибем аз болып, өзімді толық көрсете алмадым.

- UFC-дегі бұрынғы қарсыласыңыздың карьерасын бақылап жүрсіз бе? Сергей Морозов пен Джорни Ньюсон арасындағы алдағы жекпе-жек туралы не айтасыз?

- UFC-ге шыққалы жекпе-жектерін көріп жүрмін. Қарсыласы жайлы ештеңе білмейді екем, сондықтан бірдеңе деп айта алмаймын. Бастысы Сергейге жеңіс тілеймін.

- Көптеген жанкүйер сіз UFC деңгейіне жеттіңіз деп санайды. Жанкүйерлердің жоғары сенімін ақтап, америкалық промоушен файтерлерінің қатарына қашан қосылуды жоспарлап отырсыз?

- Иә, ол уақыт та жақындап қалды. Бір-екі жылдан кейін, мүмкін. Ақырындап мақсатымызға жылжып келе жатырмыз.

- ММА-дегі алдағы мақсаттарыңыз қандай?

- Мақсатым - әлемдік аренада қазақтың көк туын көтеру. UFC-ге барамыз. UFC, күт бізді! Ұрамыз!