Қазақстан футбол федерациясы футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиевпен келісімшарт мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚФФ-ға сілтеме жасап.

Жаңа келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін белгіленген.

«Біз қазір Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын жазып жатырмыз. Қазақстан футбол федерациясында қабылданған шешім - тарихи сәт. Ұлттық құраманың соңғы жетістіктерін барлығы біледі. Біз талапты айтарлықтай көтердік, алайда футболымыздың жаңа жүйесін құрып жатқанымызды түсінеміз. Кәсіби біліктілігі жоғары бапкерді шақырып, алғашқы міндеттерді орындай алдық. Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдағаны үшін Магомед Мұсаұлына ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

«Қазақстан футбол федерациясына сенім білдіргені үшін алғысымды айтамын. Басшылықтың сенімі мен жан-жақты қолдауының арқасында маусымның басты міндеті - «В» Лигасына шығу жоспарын орындадық. Сонымен қатар үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан жанкүйерлерге алғысым шексіз! ҚФФ тарапынан келісімшартты ұзарту жөнінде ұсынысты қуанышпен қабылдадым және барлық ойым алдағы Өзбекстан және БАӘ-мен өтетін ойындар туралы болып отыр. Сонымен қатар бізді 2024 жылғы Еуропа чемпионатының өтпелі ойындары мен іріктеу кезеңі күтіп тұр. УЕФА Ұлттар лигасындағы жетістіктен кейін нәтижені түсірмей, үлкен міндеттерді орындай аламыз деп сенемін», – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.

Айта кетейік, Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып биыл мамыр айында тағайындалған болатын. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орын алып, УЕФА Ұлттар лигасының В лигасына шықты.