Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сəтжанов Амманда өтетін Азия чемпионатына дайындықты қорытындылады.

«Дайындық өте жақсы өтіп жатыр. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Спортты дамыту дирекциясы мен Қазақстан бокс федерациясының арқасында бəсеке қарсаңында ешқандай қиындық болған жоқ.

Бокс елімізде кең танылған, үнемі жанкүйерлер назарында болатын спорт түрі. Алдыңғы құрлық додасының нәтижесін қоғамның қалай талқылап, сынға алғаны əлі есімізде.

Дубайда ерлер құрамасы алтынсыз қалғанын білесіздер. Биыл біз есе қайтарғымыз келеді. Мақсат - жалпы есепте көш бастау», - деді Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында бас бапкер Қайрат Сəтжанов.

Бокстан XXXII Азия чемпионаты 30 қазан мен 13 қараша аралығында өтпек. Ерлер 13, ал əйелдер 12 салмақта кім мықтыны анықтайды. Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырады.