Ла Лиганың 11-турындағы «Осасунаға» қарсы матчта «Вильярреалдың» екі ойыншысы қызыл қағаз алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ойынның 56-минутында алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Алекс Баэна есепті теңестірген. Испаниялық ойыншы гол соққаннан кейін жейдесін көтеріп, клубтың жақында қайтыс болған вице-президенті Хосе Ланосеге құрметін білдірген еді.

Жейдесін көтергені үшін бас төреші оған екінші сары қағаз көрсетіп, футболшыны алаңнан қуды. Алғашқы сары қағазды Баэна одан алты минут бұрын алған болатын.

Бірнеше минуттан соң «Вильярреалдың» тағы бір ойыншысы Мануэль Морланес қызыл қағаз алды, бірақ ол қосалқы құрамда отырған болатын.

Унаи Эмери шәкірттері он ойыншымен қалса да жеңісті жұлып әкетті — 2:1.