«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков «Хабар» телеарнасында «Не Хабар?» бағдарламасында футзалдан өткен соңғы әлем чемпионатының Қазақстан қожайыны атанатына тамаша мүмкіндік болғанын айтты, деп жазады Prosports.kz.

- Біз УЕФА-ға футзалдан әлем біріншілігін өткізуге дайын екенімізді жеткіздік. Президентімен жеке сөйлестім. Біздің елде футзалдың қалай дамып жатқанын саралай келе, Қазақстанға үлкен баға берді. Бұл спорт түрінің қарқынды дамығанына таңданысын жасырмады. Үш ел үміткер болды: Эстония, Литва және Қазақстан. Литвамен бірге финалға шықтық. УЕФА Қазақстанға бұл мүмкіндікті бергісі келген еді.

Алматы мен Астана әлем чемпионатын қабылдауға сақадай сай еді. Инфрақұрылым дамыған. Талай рет Чемпиондар лигасының Төрттік финалын абыроймен ұйымдастырдық.

Бірақ біздің Қазақстан футбол федерациясы бас тартты. Бас ауыртып, көңіл бөліп, ешкімнің жұмыс істегісі келмеді. Қандай ғажай мүмкіндіктен айырылдық. Үлкен өкініш бар. Әйткенмен, болашақта Еуропа немесе әлем чемпионатын қабылдайтынына мен кәміл сенемін, - деді Қайрат Айтмолдаұлы.