Қазақстанда алғаш рет ұйымдас­ты­рылған ATP 500 Astana Open тур­нирінде мерейлі 90-шы жүлдесін жеңіп алған сербиялық теннисші Новак Джокович жарыстан кейін жур­налистермен тілдесіп, Қазақстан туралы, турнирдің деңгейі жөнінде өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ әлемдік аренадағы қазақстандық теннис­шілердің жетістіктерін атап өтті.

– Егер менен осы турнирдегі ең үздік ойыныңыз қайсы болды деп сұраса, ойланбастан финалдық матч деп жауап берер едім. Өйткені мен финалда ойынды агрессивті түрде бас­таған мықты қарсыласпен жолықтым. Ол кортта мені ыңғайсыз сезіндіру үшін барын салды. Оны сездім де. Бірақ мен ештеңеге қарамай, өз ойынымды ойнауға тырыстым. Кейінгі екі апта мен үшін өте табысты өтті. Алдыңғы аптада Тель-Авивтегі турнирде топ жарсам, бұл аптада Астанада олжалы болдым.

– Новак, Астана немесе Қа­зақстан дегенде сіздің ойы­ңызға бірінші қандай ой ке­леді? Бір сөзбен айтыңызшы.

– Бір сөзбен? Қиындау екен (күліп). Болат (Өтемұратов). 2019 жылы мен Астанаға алғаш рет келген едім. Сол кезден бас­тап Қазақстан дегенде ойы­ма бірінші Болат келетін. Біз өте жақсы араласамыз, ол ме­нің отбасымды, командамды жақ­сы біледі, ағаммен жақын араласады. Сол кезде ол мені қайырымдылық матчында өнер көрсетуге шақырды. Осы жо­лы да Қазақстанға қайта келу мүмкіндігі бұйырғанына өте қуа­ныштымын. Қаланы аралап көруге уақытым болмады. Дегенмен астаналарыңыз инфрақұрылымы дамыған, сән-салтанаты келіскен қала екен. 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентімен кез­дестім. Осы жолы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен оның сарайында жүздестік. Адам­дар­дың қонақжайлығына тағы таңдандым. Мұнда теннисті шынында да жақсы көреді екен. Жанкүйерлер де әлемдік теннис жұлдыздарының өнерін үнемі бақылап отыратыны аң­ғарылады. Ел Президентінен бас­тап қарапайым спортсүйер қа­уымға дейін. Бәрі теннисті қол­дайды, ойнайды. Елена Ры­бакина «Уимблдонда» же­ңімпаз атанды, Қазақстанның «Дэвис кубогіндегі» командасы да өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Олар өз елінде осы спорт түрінің дамуы үшін бәрін істеп жатыр деп айта аламын.

– Сіз бірнеше рет қазақ­стандық жас теннисші Бей­біт Жұқаевпен жаттығып үл­гердіңіз. Оның болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Меніңше, ол – мен көрген жас теннисшілердің ішіндегі соққысы жойқын спортшылардың бірі, рас айтамын. Біз командамызбен оның соққысы мықты екені туралы пікірлескен болатынбыз. Сондай-ақ біз оны Сербияға шақырып, кейде өзімнің теннис орталығымда менімен бірге жаттығуы туралы сөйлестік. Ме­нің ол туралы пікірім өте жақсы. Оның шынында бо­лашағы зор, әлеуеті мықты. Егер жаттығуын тоқтатпай, ең­бек­тене берсе, алдағы уақытта та­­бысты теннисшінің бірі болады.

– Сіз теннис короліне айналмай тұрып, бір кездері теннис мамандары, жанкүйерлері сізді ханзада деп атайтын. Қ­азір өзіңіздің ізбасарыңыз ре­тінде кімді айтар едіңіз?

– Жоғары бағаңызға рахмет (күліп). Қазір теннистің бола­шақ королі кім екенін бол­­жау қиын. Менің ойымша, біздің спортты ғажап дең­гейге көтеріп жатқан жас ой­ын­шылар аз емес, солардың бірі – Стефанос Циципас (фи­налдағы қарсыласы). Биыл тама­ша маусым өткізіп жатқан әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарасты да атап өтпесем болмайды. Бүкіл теннис қауымдастығына «үлкен үштікпен», яғни – Федерер, Надаль және менімен қоштасу қиын екенін түсінемін. Біздің қатарға Энди Маррейді де қосуға болады. Біз 15 жыл бойы теннистің алдыңғы қатарында болдық. Бірақ қазір «Үлкен ду­лығаны» жеңуге қабілетті жас­тар пайда болып жатыр. Бірақ біз Рафа екеуміз бұрынғыша мықтымыз және оларға үлкен аренада әлі де қарсылас болуға тырысып бағамыз. Бұл спорт үшін жақсы.

– Егер Astana Open келесі жыл­ғы АТР күнтізбесіне ене­тін болса, Астанаға қайта ке­ле­сіз бе?

– Астанаға келесі жылы келер-келмесімді нақты айта алмаймын. Себебі оған дейін бір жыл уақыт бар. Бірақ елдеріңізге турист ретінде немесе теннис турнирінің қатысушысы ретінде қайта оралғым келеді. Мұндағы адамдардың мені жылы қарсы алғаны сонша, бір күні қайтып келетініме сенімдімін.