Ресей чемпионатында бақ сынайтын қазақстандық талантты жас қос футболшының осы маусымдағы тағдыры екі түрлі болып тұр. Петорборлық жейдесінде бір ай бұрын кубок еншілеген Нұралы Әліптің клубтағы болашағы бұлыңғыр. Ал, қазақ топырағында шабуылшы позициясын меңгерген Бактиер Зайнутдинов бүгінде ЦСКА-ның қорғанысындағы ең үздік футболшыға айналды, деп жазады Prosports.kz.

Ресейдің гегемоны «Зенитте» қалуды жөн көрген Әліптің таңдауы басында құп көрінген. Клуб пен Сергей Семак қазақстандық футболшының сапта қалуына қарсы еместігін қадап айтқанымен, тағы бір орталық қорғаушы алуды көздеп отырғандарын жасырған емес. Жас футболшы үшін де соңғы жарты жылда даудан арылмаған, әрі бұрынғы демеушісі мен күшінен айырылған «Қайратқа» қайтқаннан гөрі РПЛ-да қалған әлдейқайда дұрыс болатын.

9 шілде күні Ресей суперкубогындағы «Спартакқа» қарсы ойында Әліп негізгі құрамда шығып, алаңда тоқсан минут өткізіп, медаль тағып, командамен кубок жеңіп алған. Мамандар тарапынан да ойыны жоғары бағаланды. Сол сәтте 22 жастағы футболшымыз «Зениттің» негізгі құрамының футболшысы атанады деп топшылаған едік.