Хорватияда өткен дзюдодан Grand Slam сериясында қазақстандық Мағжан Шәмшадин 60 кило салмақта топ жарды. Финалда Мағжан кореялық Вон Джим Кимнен басым түсіп, алтын жүлдені қанжығалады. Prosports.kz тілшісі Мағжан Шәмшадинмен сұхбаттасып, жарыс туралы, құрамадағы бәсекелестік және алдағы жоспары жайлы сұрады.

- Мағжан, жеңіс құтты болсын! Жарыстан кейінгі әсеріңіз қандай? Жалпы, жарыс туралы айта кетсеңіз.

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 67 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты. Құдайға шүкір, қолымызды жүрегімізде ұстап, әнұранымызды ойнатып, көк туымызды желбіреткенде керемет сезімде болдым. Біраз уақыттан бері финалда әнұранымызды естімеп едік.

Бұл жарысқа дейін Венгриядағы турнирде алғашқы айналымда жеңілген едім. Сол жарыстан шығып, бірден Загребке аттандық. Кеткен қателіктерімнен сабақ алып, осы жарыста чемпиондым болдым.

Бірінші кездесуімде кубалық спортшыға қарсы шықтым. Физикалық тұрғыдан мықты екен. Дегенмен қарымта шабуылдан ұстап, жеңіп кеттім. Одан кейінгі кездесулерім оңайырақ болған сыңайлы. Финалда кореялық спортшыдан екі жыл бұрын Израильдегі жарыста кеткен есемді қайтардым. Аға буынның кеңесімен, бапкерлерімнің қойған жоспарымен күрестім.

Шыны керек, чемпион болғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ертесіне бүкіл денең құрысып ауырғанымен, чемпион болғандағы сезім бәрін ұмыттырады екен.