Елордадағы Ұлттық теннис орталығы корттарында ерлер мен әйелдер арасында ITF сериясы бойынша M/W25 турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жалпы жүлде қоры 50 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Бейбіт Жукаев ширек финалға жолдама алды.

Ақтау теннис мектебінің түлегі екінші айналымда тағы бір қазақстандық, 18 жастағы Ислам Орынбасарды 6:3, 3:6, 6:2 есебімен ұтты.

Жукаев жартылай финалға шығу үшін жапониялық Синтаро Имаимен таласады.

Жастардан ересектер қатарына өткен Исламның да дода барысында жақсы өнер көрсеткенін атап өткен жөн.

Денис Евсеев жұптық сында жартылай финалға шықты. Ол Беларусь өкілі Иван Лютаревичпен бірге белоруссиялықтар Александр Леоненко - Эрик Арутюнянды жеңді - 6:2, 6:4.

Әйелдер арасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Енді олар 18 шілдеде басталатын Президент кубогына әзірленеді.