Қазақстандық Зара Дәркен, Қарақат Қойлыбаева және Әдемі Аманкелді ITF Juniors турнирлерінде жақсы нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Чолпон-Ата (Қырғызстан) және Карфаген (Тунис) қалаларында 18 жасқа дейінгілер арасында халықаралық жарыстар мәреге жетті. Тунистегі төртінші санаттағы додада Ақтөбе теннис мектебінің түлегі, 14 жасар Зара Дәркен финалист атанды. Ол бас жүлде үшін соңғы бәсекеде ғана корт иесі Мерейм Бен Эзедейнге жол берді – 4:6, 7:5, 5:7.

Биыл жыл басында Зара бапкерлік штабымен бірге 18 жасқа дейінгілер арасында ITF жарыстарында ойнауды ұйғарды. Карфагендегі финал – әзірге оның үздік көрсеткіші. Чолпон-Атада бесінші санаттағы додада Шымкент теннис мектебінің түлектері қуантты.

16 жасар Әдемі Аманкелді жекелей сында финалға дейін жетіп, тартысты матчта қырғызстандық Владислава Андреевскаядан ұтылды – 1:6, 6:1, 6:7 (1:7). Ал 15 жасар Қарақат Қойлыбаева жұптық сында В.Андреевскаямен бірге финалда ресейліктер Анастасия Кошелева – Инга Зегені жеңіп, чемпион атанды – 6:4, 7:5.