«Тұран» ФК басшысы Айбек Тілеужан Prosports.kz сайтына берген эксклюзив сұхбатында клубтың қаржылық жағдайы туралы бар шындықты айтты.

- «Тұран» ФК ресми пресс-релиз жариялады, клуб бюджетті оңтайландыруға мәжбүр болып отыр. Бұған не себеп болды?

- Желтоқсанда демеушімен келіссөз жүргізіліп, ол клубқа қолдау көрсетуге уәде берген. Бірақ елдегі қаңтар оқиғасынан кейін олар экономикалық тұрғыда біраз қиындыққа тап болды. Осыған байланысты қосымша қаражатты жарты жылға жуық күттік.

– Құжатта клубтың өткен жылға қарызы бары жазылған. «Тұран» кімге қарыз – ойыншыларға, жаттықтырушыларға, клуб қызметкерлеріне? Олардың арасында шетелдіктер бар ма?

– Клуб директоры қызметіне келген кезде тәуелсіз аудит 700 миллион теңгеге жуық қарызды есептеді. Жыл соңына дейін біз қаражаттың жартысына жуығын оңтайландыра алдық. Бірақ бәрібір клубтың әлі де 400 миллион теңге қарызы бар еді. Жаңа 2022 жылдың бюджетімен клуб жалақы мен салық берешегін төлеуге міндетті болды. Өйткені қарызы бар клуб федерацияның аттестациясынан өтіп, чемпионатқа қатысуға рұқсат ала алмас еді.