Жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда тағы қос жауапты матч бар. Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев команданың дайындығына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жігіттер әзірге бапты жоғалтпау қажет. Бүгін ел намысын қорғайтын команда Сербия астанасы Белградқа аттады және сол жерде Беларусь құрамасымен кездеседі. Қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Беларусь өз алаңында матч қабылдай алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, Беларусь пен Қазақстан құрамаларының кездесуіне көрерменсіз өтеді. Айта кетейік, ұлттық құрама жуырда ғана Словакия құрамасын ұтып, Ұлттар лигасындағы жағдайын жақсартты. Қазір ол өз тобының бірінші сатысында тұр. Спорт мамандары бұл жетістікті, тіпті, сенсацияға балады.

Магомед Адиев, Футболдан Ұлттық құраманың бас бапкері:

- Біз он күнде қатарынан төрт матч өткізуіміз керек. Әрине, бұл оңай емес. Әсіресе футболшыларға физикалық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да ауыр тиеді. Осындай қысқа аралықта құрамға қатысты үлкен өзгеріс жасай алмаймын. Сондықтан қарсыластардың әр ойынын жіті сараптап, дұрыс тактика қою мақсаты тұр.