Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий (17-0, 16 КО) жекпе-жегі қарсаңында салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Боксшының айтуынша, ол келесі жекпе-жегін 21 мамырда Германияның Гамбург қаласында өткізеді. Қарсыласы франциялық Жоан Дюопа (39-6, 26 КО) болады. Олар биыл 19 ақпанында рингте кездесуі керек еді, бірақ коронавирус боксшылардың жоспарына кедергі келтірді. Жекпе-жекте WBC International титулы сарапқа салынады.

Айта кетейік, 41 жастағы Дюоп мансабында Александр Поветкин, Деонтей Уайлдер және Джарелл Миллер сияқты атақты боксшылармен кездескен.