Бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында аруларымызды қолдау үшін Стамбұлға әдеттегідей дәстүр бойынша Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев те келді.

Чемпионат барысында отандық боксты дамытуға байланысты шетелдік әріптестермен бірқатар маңызды кездесулер өткізген ол Алуа Балқыбекованың финалдық жекпе-жегін аренадан тамашалап, жүлдеге іліккен және жарқын бокс үлгісін көрсеткен барлық боксшыларға алғыс айтты.

Айта кетейік, Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, жүлдегерлер IBA сыйақысынан бөлек Қазақстан бокс федерациясының да қаржылай сыйақылармен марапатталады.

Осылайша, күміс жүлдегер Алуа Балқыбекова 30 мың АҚШ долларына, қола жүлдегерлер Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова 10 мың долларына ие болады.